Қазақстанның 6 компаниясы Иорданияға қой мен сиыр етін экспорттайды

Фото: ҚР Үкіметі

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері мен Иордания Хашимит Корольдігінің ветеринариялық қызметі делегациясының кездесуінен мәлім болды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесудің негізгі тақырыбы – қазақстандық сиыр еті, қой еті және тірі малды Иордания нарығына экспорттау мәселелері болды.

Келіссөздер барысында және тараптардың ветеринариялық қызметтері арасында бұған дейін жүргізілген өзара әрекеттестіктің нәтижесінде сиыр еті мен қой еті бойынша мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға құқығы бар 6 қазақстандық кәсіпорынның Иорданияның ресми тізіліміне енгізілуіне келісім алынды.

Айта кетейік, Қазақстан жыл сайын ет өнімдерін өндіру мен экспорт көлемін арттырып келеді. 2024 жылы Қазақстаннан 30 мың тоннадан астам сиыр және қой еті экспортталды, оның ішінде Таяу Шығыс елдеріне де жөнелтілді. Отандық өнім Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (WOAH) тарапынан расталған халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келеді.

Еске сала кетейік, биыл ауыл шаруашылығы жобаларына 50 млрд теңге несие беріледі.