Қазақстанның аграрлық секторына 100 млн доллар инвестиция тартылды

АСТАНА.KAZINFORM — «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) 100 млн АҚШ доллары көлемінде кредиттік желі ашу туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы АШМ мәлім етті.

Фото: АШМ

Қаражат ұлттық астық операторының өз жобаларын іске асыруға, сондай-ақ фермерлерді қаржыландыруға, басым ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіруді ынталандыруға және ішкі нарықты өсімдік шаруашылығы өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталмақ.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» мен ЕАДБ арасындағы ынтымақтастық Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ел экономикасының өсіміне серпін беретін негізгі салалардың бірі ретінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған.

Келісімге халықаралық инвестициялар мен Еуразия өңірінің даму перспективаларына арналған бизнес-форум аясында қол қойылды.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Илдар Исмагуловтың айтуынша, тартылатын қарыз ұлттық оператордың аграрлық секторды қолдау жөніндегі қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

— Біз ЕАДБ-ға стратегиялық әріптестігі үшін алғысымызды білдіреміз. Бұл «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» Қазақстанның ғана емес, бүкіл өңірдің азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ететін мемлекеттік институт ретінде көрсетілген сенімнің айқын көрінісі, — деді ол қол қою рәсімінде.

ЕАДБ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов бұл келісім аталған корпорациямен ұзақмерзімді ынтымақтастықтың заңды жалғасы екенін атап өтті.

— ЕАДБ үшін қатысушы мемлекеттер экономикаларының орнықты дамуына, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді қолдау арқылы үлес қосу маңызды, — деді ол.

Айта кетейік, 2025 жылғы қазанда халықаралық Moody’s Ratings рейтингтік агенттігі «Азық-түлік корпорациясының» кредиттік рейтингі бойынша болжамды «тұрақтыдан» «оңға» дейін жақсартты. Бұл ұлттық оператордың қаржылық тұрақтылығының нығайғанын көрсетеді.

Айта кетейік, фермерлер үшін сақтандыру полисінің 80%-ы субсидияланады.