Қазақстанның ақылы жолдарына 56 лазерлік құрылғы орнатылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы 22 ақылы жол учаскесіне 56 лазерлік құрылғы орнатылды. Олар жүргізушілерге түнгі уақытта жолдың бағытын жақсырақ көруге және қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Фото: ІІМ

Сонымен қатар республикалық жолдарда 282 ауыспалы ақпараттық жол белгісі мен 142 электрондық табло орнатылған. Тағы 110 құрылғыны орнату жұмыстары аяқталуға жақын.

Бұдан бөлек жол қоршауларына жарық шағылыстыратын элементтер қойылып, қарсы бағыттағы көліктердің жарығынан қорғайтын экрандар да қолданылып жатыр.

– Электрондық таблолар мен ақылды жол белгілері арқылы жүргізушілерге көктайғақ, қар, қатты жел және қозғалысқа қойылған шектеулер туралы жедел ақпарат беріледі. Қажет болған жағдайда жылдамдықты төмендету жөнінде де ескерту жасалады, – деді Дархан Иманашев.

Оның айтуынша, бұл құрылғылар жол жағдайы күрт өзгерген кезде жүргізушілерді дер кезінде хабардар етуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында мал өткелдерінің саны 530-ға жеткені туралы жаздық.