Қазақстанның әлемдегі ең мықты төлқұжаттар рейтингісіндегі орны жоғарылады
Қазақстан төлқұжаты Henley Passport Index 2024 рейтингісінде төрт позицияға көтеріліп, 66-орынға ие болды. Бұл туралы henleyglobal.com хабарлады.
Өткен 2023 жылы Қазақстан Henley Passport Index рейтингінде 70-ші орынды иеленді.
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) деректері негізінде жасалған рейтингке сәйкес, Қазақстан азаматтары 78 бағыт бойынша визасыз режимді пайдалана алады.
Қазақстан рейтингте Индонезия және Эсватинимен бірге 66-орында тұр.
Биылғы Henley Passport Index рейтингінде Қазақстан Әзербайжанды басып озып, 66-орынға тұрақтады. Әзербайжандықтар 72 елге визасыз бара алады.
Қазақстан Орталық Азия аймағындағы бірқатар көршілес елден де асып түсті: Қырғызстан – 77, Өзбекстан – 80, Тәжікстан – 81 және Түрікменстан – 89 орын алды.
19 жылда алғаш рет алты мемлекет – Франция, Германия, Италия, Жапония, Сингапур және Испания биылғы жылдың ең мықты төлқұжаттары рейтингісінде көш бастады. Бұл елдердің азаматтары әлемнің 194 мемлекетіне визасыз бара алады.
Рейтингте екінші орында азаматтары 193 елге оңай қатынай алатын Финляндия, Оңтүстік Корея және Швеция тұр.
Еуропа елдері, соның ішінде Аустрия, Дания, Ирландия және Нидерланды 192 бағытпен үшінші орында тұр.
Төртінші орында Бельгия, Люксембург, Норвегия, Португалия және Ұлыбритания, бесінші орында Греция, Мальта және Швейцария тұр.