Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мәліметіне қарағанда, қазір бұл жер Қарашүңгіл қорымы деп аталады. Қорым мұнайлы өңірдегі жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне алынған. Оның пайда болу кезеңі ХVIII-ХХ ғасырлардың аралығын қамтиды.
«Қарашүңгіл қорымы – Жылыой ауданындағы Аққұдық ауылынан солтүстікке қарай 12 шақырым жердегі сорда орналасқан. Қорым тікбұрышты созылыңқы пішінді, оңтүстік-шығыс және ооңтүстік-батыс шеті үшкірленіп көрінеді. Оның атауының екі нұсқасы айтылады. Біріншіден, кей деректерде астынан мұнай алынған сордың атымен «қара» және «шұңқыр» сөзінен шыққан делінеді. Екінші нұсқада халық арасында тараған аңыз бойынша қорым екі ғашықтың атымен байланыстырылады. Қорымда Қара атты жігіт пен Шұңғыл атты қыз осы жерде қайтыс болып, жерленген деседі», - дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Мұхамбетқали Кипиев.
Оның айтуынша, Қарашүңгіл атауы тек ескерткішпен ғана емес, сонымен қатар ХІХ ғасырдың соңында қазақ даласындағы тұңғыш мұнай өндірісімен де танылған мекен. Өйткені, 1899 жылы қазақ мұнайының алғашқы тамшысы Қарашүңгіл қорымының жанынан өндірілген. Осыған орай қорымның алғашқы фотосуреті 1903 жылы Санкт-Петербордан шыққан жинақта жарық көрген.
Қазір Қарашүңгіл қорымында 15 кесене, 20-дан астам сағанатам, 350-ден аса құлпытас, 30 қойтас, 2 сандықтас, 702 қоршау, 60 қабір үсті үйіндісі бар. Мұнда 950-ден астам әртүрлі ескерткіш, батысында 750-ге жуық көне бейіттің орны анықталған. Ал, оңтүстік бөлігіндегі Қара баба зиратына құлпытас қойылып, ағаш қада орнатылған.
Қорымда шикі кірпіштен қаланған бір камералық кесенелердің көпшілігі киіз үй тәріздес пішінде салынған. Алайда, оның бәрі дерлік бұзылған. Мұнда қамыс пен қоғаны пайдаланып, тікбұрышты және сопақша кейіпте жасалған қоршау-шеген көп.
Еске сала кетелік, бұған дейін Қазақстан мұнайының алғашқы тамшысы «Қарашүңгіл» кен орнынан алынғанын жазған едік.