Қазақстанның алтын қоры 7,4 тоннаға ұлғайған
АСТАНА. KAZINFORM – Алтынның бір грамы шамамен 58 011 теңгені құрап отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, 7 тамызда алтын грамының бағасы 58 011,44 теңге болды.
Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, 31 шілде күні бір грамм алтын 58 524,25 теңгеге тұрақтады.
Таяуда World Gold Council ұйымы, яғни Дүниежүзілік алтын кеңесі кейінгі айда Қазақстанның алтын қоры 7,4 тоннаға артқанын мәлімдеді. Осылайша ел резервіндегі алтынның жалпы көлемі 298 тоннадан асқан.
Халықаралық валюта қоры мен Еуропалық орталық банкті есептемегенде Қазақстан алтын қоры бойынша 18-ші орында тұр.
Еске сала кетсек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі еліміздің пайдалы қазбалармен қамтамасыз етілу мерзіміне қатысты жаңартылған деректерді жариялады.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, өндірістің бар көлемін ескергенде, Қазақстандағы алтын қоры 30 жылға жетеді.
Елордада алтын құйма қалай құйылатыны туралы осы материалдан оқи аласыз.
Бұған дейін Қазақстанда болжамды ресурстары бар 38 перспективалы учаске анықталғанын хабарлаған болатынбыз.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметінше, 2025 жылдың бірінші тоқсанында алтынға жалпы сұраныс жылдық мәнде 1 пайызға артып, 1206 тоннаны құрады, бұл 2016 жылдың бірінші тоқсанынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Орталық банктер бірінші тоқсанда 244 тонна алтын сатып алды – бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда аз.
Алтын зергерлік бұйымдарға сұраныс та рекордтық бағалар жағдайында күрт төмендеді, олардың көлемі 2020 жылдан бергі ең төменгі деңгейге жетті. Құндылық тұрғысынан алғанда, алтын зергерлік бұйымдарға тұтынушылық шығындар бір жылмен салыстырғанда 9%-ға өсіп, 35 млрд долларға жетті.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 2024 жылы алтын бұйымдар бағасы 8,3% өсті.