Қазақстанның әуе қалқаны: ұшақтар мен тікұшақтар күші

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде Әуе қорғанысы күштерінің орны ерек. Бүгінде Қазақстанның әскери авиациясы құрамында әртүрлі әуе көліктері бар. Солардың бірқатары жөнінде ҚР Қорғаныс министрлігінен сұрап білген едік. 

Коллаж: Kazinform

Әуе қорғанысы күштеріндегі тікұшақтар

Ми-17 – әлемдегі ең кең тараған тікұшақтардың бірі. Өйткені, ол – көпмақсатты, әмбебап әрі биікте ұшатын техникалық сипаттамалары ауқымды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұл техника Құрлық әскерлері бөлімшелерінің ұтқырлығын арттыруға, қару-жарақ пен жеке құрамды жеткізуге, берілген нысаналарды жоюға арналған. Сондай-ақ таулы жерлерде және жоғары температурада жауынгерлік тапсырмаларды орындай алады.

Mи-35М – ұрыс даласында Құрлық әскерлерін әуеден қолдауға арналған тікұшақ.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Ол қарсыластың сауытты техникасы мен тірі күшін жоюға бағытталған.

Әуе қорғанысы күштері Ми-8 және Ми-171 тікұшақтарын пайдаланып, десантты түсіру және оны атыспен қолдау жұмыстарын жүргізеді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Сонымен қатар бұл тікұшақтар атыс нүктелерін жоюға, оқ-дәрі, қару-жарақ, жүктер, өнімдер мен дәрі-дәрмектерді тасымалдауға арналған. Олардың міндетіне сондай-ақ қарсыласқа кедергі жасау және жараланғандарды ұрыс алаңынан эвакуациялау кіреді. Бұл техниканың көпқырлы қолданылуы әскери операциялардың тиімділігін арттыруға бағытталған.

ЕО-145 және Н-145 ТЖМ тікұшақтары төтенше жағдай болған аймақтардан зардап шеккендерді эвакуациялауға бағытталған. Сонымен қатар олардың қызметі – табиғи апаттардың салдарын жою, гуманитарлық жүктерді тасымалдау, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және өрт сөндіру. ТЖМ авиациясы республика аумағында да, шетелдерде де ең жауапты міндеттерді бірнеше рет орындады.

Әуе қорғанысы күштеріндегі ұшақтар

C-295 ұшағы 9 тоннаға дейін жүк не толық қаруланған 70-тей әскери қызметшіні тасымалдауға, сондай-ақ 5 000 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсеруге қабілетті.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Ол заманауи навигациялық жүйемен және қозғалтқыштардың жұмысын бақылау жүйесімен жарақталған.

L-410 – жеңіл, көпмақсатты, қос моторлы, жолаушы және жүк тасымалына арналған ұшақ.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Оның ерекшелігі – қонғанда, күй талғамайды. Жазда – шөп, қыста – қар басқан алаңқайларға және ұшу-қону жолағы қысқа әуеайлақтарға қона береді. 19 жолаушыны немесе 1 800 келі жүкті 1 500 шақырымға дейін тасымалдай алады. 

L-39 екі орындық, оқу-жауынгерлік ұшағы әуе күштерінің курсанттарын кез келген ауа райында ұшуға үйретуге арналған.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Ол әуеде, құрлықта және теңізде іс-қимыл дағдыларын жаттықтыру үшін қолданылады. Сонымен қатар түнгі рейстер мен әуе нысандарын барлауды, жердегі объектілерге соққы беруді пысықтау үшін пайдаланылады. 

Ту-154 ұшағы Қорғаныс министрлігі басшылығының әуедегі командалық пункті саналады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Ол – сенімді әрі көп функциялы әуе көлігі. Ішкі және халықаралық бағыттар бойынша тасымалдауға арналған. Ұшақ 150-180 шамасындағы әскери қызметшіні 3 000-нан 5 000 шақырымға дейінгі қашықтыққа жеткізуге қабілетті. Сондай-ақ ішін жүк тасымалдауға бейімдеуге болады. 

A-400M – әртүрлі тапсырмаларды орындауға бағытталған көпмақсатты ұшақ.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Ол – заманауи төрт қозғалтқышты, соңғы буынға жататын техника. Еліміздің әуе қорғанысы күштері жарағына 2024 жылдың соңында қосылған. Бұл әуе көлігі әскери мақсаттағы тасымалда, медициналық эвакуациялауда және гуманитарлық миссияларда қолданылады.

Су-30СМ жойғыштары еліміздің әр түкпірінде күн сайын жауынгерлік кезекшілік атқарады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Көпмақсатты, ауыр майданға арналған әуе көлігі күндіз-түні, әртүрлі ауа-райында жауынгерлік міндеттерді орындай алады. Ол әуе нысандарын да, жердегі объектілерді де жоюға қабілетті. Ұшақ көптеген қару-жарақпен және борттағы радиоэлектрондық жабдықтардың заманауи кешенімен жарақталған. Нақтырақ айтқанда, онда басқарылатын зымыран қаруы мен авиациялық қару орнатылған. Сонымен бірге, Су-30СМ-де 1,5 келіге дейінгі калибрлі бомбалар, зеңбірек қаруы және заманауи навигация жүйесі бар.

Су-25 – әскери шабуыл ұшағы. Бұл техника сипаттамасына байланысты «ұшатын танк» аталып кеткен. Өйткені, кез келген ауа райында жауынгерлік тапсырманы орындайды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Оны ұрыс даласында нысана нақты көрінгенде қолдануға болады. Не болмаса, координаттары белгілі объектілерді жоя алады. Су-25 құрлық әскерлерін әуеден қолдауға арналған. 

Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерді негізінен қандай мамандықтарға баулитынын жазғанбыз.