Отандық флоттың қалыптасу жолы
Бүгінде Қазақстанның Әскери-теңіз күштері еліміздің жалғыз су айдыны — Каспий теңізінің қазақстандық секторында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштеріне қарағанда, Әскери-теңіз күштері (ӘТК) іс жүзінде нөлден бастап қалыптасты.
ӘТК Бас қолбасшысы, бірінші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков атап өткендей, флоттың құрылымы ықшам болғанымен, өте тиімді. Оның құрамында 1000-нан астам әскери қызметші мен зымырандық-артиллериялық кемелерді қоса алғанда, оннан астам жауынгерлік кеме, катерлер мен көмекші кемелер бар.
Құрылымдық жағынан Әскери-теңіз күштері суүсті күштерін, жағалау қорғанысы бөлімшелерін, теңіз жаяу әскері мен қамтамасыз ету бөлімдерін біріктіреді.
— Қазақстандық ӘТК-нің басты ерекшелігі — олардың Каспий теңізінің табиғи ерекшеліктеріне бейімделуінде. Каспий — таяз тұстары көп тұйық су айдыны, бұл кемелердің сипаттамасына тікелей әсер етеді. Біздің кемелердің суға бату тереңдігі аз, бұл оларға жағалау маңындағы аймақтарда еркін әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар қорғаныс және диверсияға қарсы тапсырмаларды орындау үшін қуатты қару-жарақпен жабдықталған, — дейді Қанат Ниязбеков.
Айта кетейік, кемелердің бір бөлігі отандық кәсіпорындарда, атап айтқанда Орал қаласындағы зауытта құрастырылған.
Теңізшілердің күнделікті тынысы
Еліміздің теңіз күштері күн сайын акваторияны патрульдеу, теңіз нысандарын күзету, кемелерді бастап жүру және іздестіру-құтқару операцияларына қатысу секілді маңызды міндеттерді орындайды. Қызмет қатаң кестеге сай ұйымдастырылған. Оған жауынгерлік кезекшілік, кемелерге техникалық қызмет көрсету, жүйелі жаттығулар мен оқу-жаттығу атулары кіреді.
Сонымен қатар теңізшілер Каспийдің қазақстандық секторында кеме қатынасының навигациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп іздестіру-құтқару жұмыстары жолға қойылған. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға табиғатты қорғау және бақылау функцияларын орындау кезінде көмек көрсетіледі.
Егер флоттың қалыптасуының алғашқы жылдарында әскери қызметшілер жылына небәрі 10–20 тәулік теңізде болса, бүгінде бұл көрсеткіш 150 тәуліктен асып жығылады.
Соңғы жылдары Әскери-теңіз күштері «Орал», «Сарыарқа» және «Маңғыстау» сияқты заманауи зымырандық-артиллериялық кемелермен толықты. Бұған қоса патрульдік катерлер қолға алынып, қару-жарақ, байланыс және навигация жүйелері жетілдіріліп жатыр.
Халықаралық ынтымақтастық: өңірлік тұрақтылықты нығайту тетігі
Халықаралық серіктестік — басты бағыттардың бірі. Бұған Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы «Каспий самалы» бірлескен оқу-жаттығуы жарқын мысал бола алады. 2025 жылы Ақтауда өткен маневрлерге 300-ге жуық әскери қызметші қатысты. Жаттығу барысында асимметриялық қауіптерге қарсы тұру, іздестіру-құтқару жұмыстары, әуе қорғанысы және минадан тазарту міндеттері пысықталды.
Мұндай шаралар 2015 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазақстандық кемелер Каспий маңы мемлекеттерінің порттарына достық сапармен жиі барады және халықаралық іс-шараларға қатысады.
Жауынгерлік дайындық пен цифрландыру
Жауынгерлік дайындыққа да ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын тактикалық деңгейден бастап жедел-тактикалық деңгейге дейінгі ондаған оқу-жаттығу, соның ішінде шетелдік серіктестермен бірлескен маневрлер өткізіледі. Офицерлер Германия, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Үндістан, АҚШ және Түркияда білімін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттырып отыр.
Сонымен қатар басқару мен байланыстың жеделдігін арттыратын заманауи цифрлық шешімдер, автоматтандырылған навигация жүйелері енгізіліп жатыр.
Таяу 5-10 жылға арналған негізгі міндеттердің қатарында флотты жаңғырту, бақылау жүйелерін дамыту, теңіз инфрақұрылымын қорғауды күшейту және жоғары білікті кадрлар даярлау мәселелері тұр.
Айта кетейік, бұған дейін әскерге шақырылушыларды іріктеу қалай жүргізіліп жатқанын жазған едік.