Қазақстанның Әскери-теңіз күштері кемелердің жауынгерлік даярлығын сынақтан өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштерінде жерүсті корабльдері құрамаларының, әскери басқару органдары мен тактикалық топтардың жауынгерлік даярлығын жетілдіруге бағытталған С курстық тапсырмасын қабылдау кезеңі аяқталды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Ооу-жаттығу аясында командалық-штабтық жаттығулар, штабтық оқу-жаттығулар және практикалық сабақтар ұйымдастырылды. Оған құрамалар командирлері, штаб офицерлері мен кеме экипаждары қатысып, өздеріне жүктелген міндеттерді орындады.

Жаттығу барысында жауынгерлік іс-қимылдарды жоспарлау мен ұйымдастыру, күштерді басқару, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру, байланыс пен жан-жақты қамтамасыз ету мәселелері пысықталды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

«Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кораблінің командирі, 3-дәрежелі капитан Ермекбай Оспановтың айтуынша, оқу кезінде әскери басқару органдарының өзгермелі жағдайда жедел шешім қабылдау қабілетін жетілдіруге, кемелердің тактикалық топтарын тұрақты басқаруға, қолдау күштерімен өзара іс-қимылды күшейтуге және қару-жарақ пен техникалық құралдарды тиімді пайдалануға басымдық берілген.

— Курстық тапсырманың практикалық кезеңі кемелердің тұрақты орналасу орындарында және теңіз полигондарында өтті. Теңізге шығу барысында экипаждар тактикалық топ құрамында бірлесіп жүзу, байланыс пен басқаруды ұйымдастыру, навигациялық қамтамасыз ету және әртүрлі жағдайда маневр жасау бойынша тапсырмаларды орындады, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорытынды бақылау тактикалық оқу-жаттығуы кезінде штабтар мен кеме тактикалық топтарының күштерді басқаруға және қойылған міндеттерді орындауға әзірлігі тексерілді.

Оқу-жаттығу нәтижесінде әскери басқару органдары мен кеме экипаждарының жоғары үйлесімділігі, командалық құрамның кәсіби даярлығы, сондай-ақ күрделі жағдайда жедел әрі тиімді шешім қабылдау қабілеті расталды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда әскери резервтің атыс дайындығы күшейтілгенін хабарлағанбыз.