Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті.
- Транзиттік жолаушылар ағынын арттыру мақсатында ресейлік авиация нарығын игеру мүмкіндіктері бар. Ол үшін магистралдық Dreamliner ұшақтары сатып алынып жатыр, - деді М.Қарабаев Парламент Мәжілісінде көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында.
Осыдан кейін министр тілшілер сұрағына жауап беру кезінде Қазақстанның әуе компаниялары Ресей аумағына барып, қызмет етпейтінін айтты.
- Ол жаққа барып, сол елдің нарығында ұшады деген мәселе жоқ. Қазір Ресейден көп жолаушы Қазақстанға келіп, біздің ел арқылы Еуропаға сапарлап жатыр. Атап айтқанда, көрші елден келген жолаушылар Астана арқылы шетелге шығып отыр. Тағы да «Екатеринбург-Тараз» бағдары бар. Бұл ретте Пхукетке (Таиланд), Вьетнамға ұшатын рейстер танымал. Осы арқылы ресейлік нарық игеріліп жатыр, - деді Марат Қарабаев.
Сонымен қатар биыл елімізге 10 жаңа ұшақ жеткізілгенін атап өтті.
- Олардың Air Astana мен SCAT сатып алды. Тиісті құжаттарға қол қойылды, сондықтан тағы да 23 ұшаққа жеткізіледі. Бұл тұрғыда 2025-2026 жылдары Air Astana мен SCAT осы ұшақтарды пайдалануға алады, - деп түсіндірді министр.
Бұған дейін хабарланғандай, YDA, Turkish Technic және ASFAT компаниялары бірлесіп, Ақтау әуежайы аумағында ұшақтарға техникалық қызмет көрсету және оқу орталықтарын салуды жоспарлап отыр.
Осы орайда орталықта Азия елдері мен Ресей ұшақтары жөнделеді.