Қазақстанның Бас прокуратурасы Эпштейн файлдарындағы хабарламаны тексеріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Бас прокурорының орынбасары Ерлан Өтегенов қазақстандық шенеуніктердің Джеффри Эпштейнмен байланысы жөнінде тергеудің барысы туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда,тексеру депутаттық сауал аясында жүріп жатыр. Бұл ретте деректердің ауқымды көлемі қамтылып отыр.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

– Үш миллионға жуық хабарлама бар және олар толық форматта емес. Қазір деректерді толық зерттеп жатырмыз. Бұл тұрғыда Қазақстан азаматтарына қатысты және жалпы Қазақстан туралы айтылған тұстары қаралады, - деді Е. Өтегенов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып. 

Ол осы іс бойынша бұрынғы Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Ұлттық банктің экс-басшысы Қайрат Келімбетовтің қатысы бар-жоғын тексеру жалғасып жатқанын айтты. Бас прокурордың орынбасары аталған тексерудің аяқталу мерзімін нақтыламады. 

Оның айтуынша, ақпараттың айтарлықтай көлемді болуына байланысты жан-жақты талдау жүргізу керек. 

Еске салсақ биыл ақпан айында Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов еліміздің бұрынғы жоғары лауазымды экс-шенеуніктерінің Джеффи Эпштейнмен байланыстарын тексеру қажет айтты.

Бас прокурор Берік Асылов елде Эпштейн ісі бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді.