Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азия мен Кавказ кластеріндегі негізгі өңірлік орталыққа айналған. Сондай-ақ инвесторлардың Қазақстанға келуі және инвестиция көлемінің артуы елдегі инвестициялық ахуалдың олардың талаптарына сай екенін көрсетеді.
— Халықаралық қаржы инвесторлары өз үмітін ақтамайтын елге ешқашан қаржы салмайды. Сондықтан олардың лайықты табысқа қол жеткізуі, инвестицияларын тиімді қайтару мүмкіндігі, сондай-ақ мемлекет тарапынан берілетін кепілдіктер мен тұрақтылықтың үйлесуі Қазақстанды инвестиция салуға қолайлы ел етеді. Тағы да қайталап айтамын, елімізге келіп жатқан қаржылық инвестициялар көлемі тұрақты түрде өсіп келеді, — деп жауап берді журналистер сұрағына.
Сонымен қатар ол Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыратын бірнеше маңызды артықшылыққа тоқталды.
— Біріншіден, еліміздің географиялық орналасуы. Қазақстанның бірегей геосаяси орны оның болашақ даму мүмкіндіктерін айқындайды. Екіншіден, Қазақстан мемлекеті саяси және экономикалық тұрғыдан байыпты әрі прагматикалық саясат ұстанады. Мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты инвесторларға өз инвестицияларының болашағын айқын көруге, ертеңгі күнге сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Мемлекет қамтамасыз ететін тұрақтылық, жайлы инвестициялық орта мен қауіпсіздік инвесторлар үшін аса маңызды факторлар, — деді ол.
Сондай-ақ Олег Гощанский қазіргі таңда инвестициялық үдерістердің сапалық тұрғыдан өзгеріп жатқанын атап өтті.
— Бүгінде көптеген өзгеріс болып жатыр. Инвестиция көлемі ғана емес, олардың сапасы да артып келеді, елімізге келетін салалардың құрамы өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект барлық салаға қарқынды еніп жатыр. Біз жасанды интеллектіге байланысты қызметтерге сұраныстың, соның ішінде ұлттық компаниялар тарапынан да, айтарлықтай артқанын байқап отырмыз. Сонымен бірге Қазақстанға келетін инвесторлар өз инвестицияларымен қатар жасанды интеллект технологияларын енгізуге және оларды осы елдегі инвестициялық жобаларда қолдануға дайын екенін көріп отырмыз, — деп толықтырды ол.
Оның пікірінше, мемлекет пен инвесторлар арасындағы диалогты одан әрі дамыту, инвестициялар көлемі мен сапасын арттыру және Қазақстанның халықаралық инвестициялар үшін тартымдылығын күшейту алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.
Айта кетейік, ЕҚДБ Қазақстан экономикасына 1,3 млрд еуродан астам инвестиция салуы мүмкін.