Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокурорына іздеу салынды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновке іздеу жарияланды.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі порталы хабарлады.
Ресми мәліметке сүйенсек, іздеу ісі 29 тамызда Алматының Алмалы ауданында тіркелген. Іздеуді прокуратураның бастамасымен Алматы Полиция департаменті Алмалы аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.
Мақсат Дүйсенов 1973 жылы дүниеге келген. ІІМ органдарында тергеу және басқарма жұмыстарында, Қаржы полициясында, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде еңбек еткен.
Ол 2018 жылғы тамыздан 2019 жылғы сәуірге дейін Қазақстанның бас көлік прокуроры қызметін атқарды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі іздеуде болған NEF Qazaqstan басшысы Тарык Волкан Оскайдың ұсталғанын растаған еді.