Еліміздің даму стратегиясын әзірлеу үшін ұлттық форсайт ұйымдастырылады —Қарин

АСТАНА. KAZINFORM — Вице-президент Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобының алғашқы жұмыс отырысы өтті.

Фото: Ақорда

Жиынды ашқан Ерлан Қарин Сараптама тобының негізгі міндеті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы еліміздің ұзақмерзімді даму бағдарлары мен басымдықтарын айқындайтын стратегиялық құжат әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау екенін атап өтті.

Вице-президент құжатты әзірлеудің тұжырымдамалық тәсілдеріне тоқталып, бұл жұмыс биыл күшіне енген Конституция аясында да айрықша маңызға ие екенін жеткізді.

Фото: Ақорда

— Еліміздің ұзақмерзімді даму стратегиясын талқылауға отандық сарапшыларды кеңінен тарту қажет. Бұл үшін ұлттық форсайт ұйымдастырып, әлеуметтік сауалнамалар, фокус-топтар, салалық зерттеулер және өңірлік сараптамалық талқылаулар өткізу керек, — деді Ерлан Қарин.

Сараптама тобының отырысында Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары, Сараптама тобы жетекшісінің орынбасары Аида Балаева, Президент кеңесшісі –Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, Сараптама тобы жетекшісінің орынбасары Әсет Ерғалиев, Сараптама тобының хатшысы, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов, Сараптама тобының мүшесі, «СИМКОН» үнемді технологиялар өңірлік орталығының директоры, форсайт-зерттеулер жөніндегі маман Олег Мецик сөз сөйледі.

Сараптама тобының мүшелері — Ғазиз Әбішев, Мадина Нұрғалиева, Бөріхан Нұрмұхамедов, Евгений Мухамеджанов, Ерлан Досымбеков, Гүлмира Илеуова, Айдос Сарым, Ренат Бектұров, Дархан Ахмедиев, Қуаныш Жайықов, Әнуар Боранбаев, Андрей Чеботарев, Марат Шибутов, Рауан Кенжеханұлы, Жұлдызай Ысқақова, Мақсат Мұқанов стратегияны әзірлеу тәсілдері жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын барысында Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясын қалыптастырудың тұжырымдамалық тәсілдері мен әдіснамасы, Сараптама тобы жұмыс жоспарының жобасы қаралды.

Келесі отырыста Сараптама тобының мүшелері Қазақстанның даму жағдайына ықпал ететін жаһандық және өңірлік үрдістерді талқыламақ.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобының құрамын бекітті.