Қазақстанның екі өнер университеті Түркі әлеміндегі халықаралық одаққа мүше болды

АСТАНА. KAZINFORM — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті Түркі әлемі өнер университеттері одағының мүшесі атанды. Тиісті сертификаттар Анкарада өткен халықаралық бірлестіктің VI отырысында табысталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Түркияның Анкара қаласында Түркі әлемі өнер университеттері одағының VI отырысы аясында халықаралық бірлестікке жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі өтті.

Одақ құрамына Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті қабылданды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдеріне Одаққа мүшелікті растайтын сертификаттарды Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раев пен Одақ төрағасы, Анкара музыка және бейнелеу өнері университетінің ректоры Гүлчин Яхья Качар табыстады.

Ынтымақтастық аясында түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтап, дәріптеуге, ұлттық орындаушылық мектептерді дамытуға және өнер саласындағы жоғары оқу орындары арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді.

Қазақстандық жоғары оқу орындарының Одаққа мүшелігі білім мен өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, ұлттық мәдениетті әлемге танытуға ықпал етеді.

Айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық жақында Түркияға өтті.