Қазақстанның фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі үш жылда үш еседен астам өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы үш жылда Қазақстандағы фармацевтикалық өндіріске тартылған инвестиция көлемі үш еседен астам өсіп, 142,8 млн АҚШ долларына жетті.

Фото: Рrimeminister.kz

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.

— Егер 2023 жылдың қорытындысы бойынша салаға тартылған инвестиция көлемі 46,9 млн АҚШ долларын құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 91,3 млн долларға дейін өсті. Ал 2025 жылы инвестициялық белсенділік сақталып, инвестиция көлемі 142,8 млн АҚШ долларына жетті, — деді Тимур Сұлтанғазиев.

Оның айтуынша, инвестициялар өндіріс орындарын жаңғыртуға, өндірістік қуаттарды кеңейтуге және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жергіліктендіруге бағытталған.

— Бұл инвесторлардың Қазақстанның фармацевтика саласына деген сенімінің артып келе жатқанын және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді, — деп атап өтті бірінші вице-министр.

Денсаулық сақтау министрлігі ішкі нарықтағы отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін арттыру жұмыстарын жалғастырып келеді.

Ресми мәліметке сәйкес, отандық өнімнің құндық мәндегі үлесі 2023 жылы 14,4 пайызды, 2024 жылы 15,1 пайызды, ал 2025 жылы 15 пайызды құрады.

Сонымен қатар дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу отандық өндірушілердің нарықтағы нақты үлесінің әлдеқайда жоғары екенін көрсетті.

— 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген таңбалау және қадағалау жүйесі аясында қазақстандық өндірушілердің табиғи көлемдегі үлесі 39,8 пайызға жетті, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ 2025 жылы Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынған отандық өндіріс өнімдерінің үлесі 32 пайызды құрады.

Ведомствоның мәліметінше, бұл көрсеткіштер жергілікті өндірістің дамып келе жатқанын және елдің дәрілік қауіпсіздігінің нығайғанын аңғартады.

Алқа отырысының қорытындысында Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар жалғасатыны атап өтілді.

Айта кетейік, елде отандық фармацевтикалық өнімдерге сұраныс артып келеді.