«90-жылдары ғылыми әлеуетімізге үлкен соққы келді. 1990 жылы бізде ғылыми-зерттеу институттарының 52 000 қызметкері мен ғылыммен айналысқан профессорлық-оқытушылық құрамы ресми түрде тіркелген. 2000 жылы немесе 10 жылдан кейін 12 мыңы қалды. Нақты айтқанда, 35 мыңнан астам адамды жоғалттық», - деді С. Нұрбек Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұл тұрғыда министр кезінде ғылыммен айналысқан бұл адамдардың кейбірі шетелге кетсе, біразы кәсіпкерлікке немесе мемлекеттік қызметке барғанын айтты.
«Қазір біртіндеп ғылыми әлеуетімізді қалпына келтіріп жатырмыз. Қазір еліміздегі 22 мың ғылыми қызметкер жұмыс істеп жатыр. Осы орайда ғылыми даярлау аясында гранттар саны өседі. Жас ғалымдарды қолдауға ерекше назар аударылып отыр», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Бүгін Сенатта Қазақстанның орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониторингі жөніндегі Парламенттік комиссия отырысы болды.
Онда Саясат Нұрбек «Келешек» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты түсінік берді.