Қазақстанның халық жазушысы Темірхан Медетбек дүниеден озды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Темірхан Медетбек дүниеден озды. Қаралы хабарды Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жариялады.
— Қазақ поэзиясына құбылыс болып келген, ұлттың асқақ рухты ұлы ақыны Темірхан Медетбек дүниеден өтті.
Қаршадайымнан өлеңдерін оқып, қасына ерген асыл ағам, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Темірхан Медетбектің дүниеден озғанын қазір ғана Шолпан жеңгем маған ең бірінші хабарлады.
Соңғы аптада Темірхан ағамыздың ауыр халде ауруханаға түсуіне байланысты отбасымен, дәрігерлермен Жазушылар одағының басшылары үнемі хабарласып тұрды.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов екеуіміз екі күн барғанда жансақтау бөліміне кіргізбеген соң, мен «Аға, біз келіп тұрмыз, жаныңыздамыз» деп хат жазып, қалдырып кетіп едім.
Бүгін Мереке Құлкенов, оның кеңесшісі Әміржан Қосанов және белгілі кәсіпкер Қанат Сәнік төртеуміз Алматыдағы ауруханада — ағамыз жатқан жансақтау бөліміне кезекпен кіріп, үнсіз бақұлдасып, қоштасып шыққан едік.
Иә, өткенде ғана ағамыздың 80 жасын дүркіретіп Алматыда тойлаған едік. 81 жасында өмірден өтті, — деп жазған одақ өкілі желідегі парақшасына.
Ол аламанда алдына жан салмай шапқан дауылпаз ақынның дүниеден өтуіне орай бүкіл қазақ халқына, оның оқырмандарына қатты қайғырып, көңіл айтқан.
Айта кетейік, Темірхан Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Түркістан облысында дүниеге келген.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институты (қазіргі Ұлттық педагогика университеті) филология факультетінде оқыған. 1968-2002 жылдары Радио мен телевидениеде, әртүрлі газет-журналда, шығармашылық ұйымдарда қызмет атқарған. Қазақстан Жазушылар одағында екінші хатшы болды, 2003 жылдан «Ақиқат» журналының бас редакторы.
Алғашқы жыр жинағы «Жанымның жас құрағы» деген атпен 1970 жылы жарық көрді. Оннан астам өлең жинақтары жарияланып, оқырмандар мен сыншылардың жоғары бағасын алды.
«Абай әлемі» (1995) және «Баба дәстүрдің мұрагері кім: туған әдебиет туралы ойлар» (2001) атты әдеби-сын еңбектерінде қаламгер Абай әлемінің поэтикалық тереңдігін, қазақ мәдениетінің даму сипатын саралап, ақындық психологияның ішкі болмысына баға берді.
Қазақ поэзиясының түркілер кезеңінен қалыптасқан романтикалық-реалистік өршіл сарынын өзіндік көркемдік шешім аясында жаңашыл туындыларымен байытты.
«Көк түріктер сарыны» атты жинағында (2002) замана зары мен бүгінгі күн мәселелері ежелгі түркі жырлары үлгісінде айтылған, ақын көне түрге жаңа мазмұн сыйдырған.
Еске салайық, бұған дейін майдангер ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны» өлеңі кімге арналғанын жаздық.