Қазақстанның халықаралық резервтері 125,7 млрд долларға жетті

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында Ұлттық қордың активтері 11 айдың ішінде қаншалықты өскенін айтты.

- Тауарлар мен қызметтер экспорты 68 млрд долларға дейін, яғни, 0,7 пайыз төмендеді. Бұған металдар мен оның кендері және уран экспортының азаюы әсер етті. Импорт көлемі керісінше 57,5 млрд долларға дейін, яғни, 5,5 пайыз өсті. Кіріс балансының тапшылығы -17,5 млрд долларға дейін, яғни, 2,7 пайыз азайды, - деді ол.

Ұттық банк басшысы сауда профицитінің қысқаруы төлем балансына және валюта бағамына қысым көрсетіп отырғанын атап өтті.

- Жалпы халықаралық резервтер қараша айында 125,7 млрд доллар болды. Жыл басынан бергі өсім 20,1 пайыз. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 62,1 млрд долларға дейін, яғни, 35,5 пайыз, ал Ұлттық қордың активтері 63,6 млрд долларға дейін, яғни, 8,1 пайыз ұлғайды, - деді Тимур Сүлейменов.

Айта кетейік, бүгін Үкіметте 11 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралып жатыр.