ЕАЭО-ға қатысушы елдер мен бақылаушы мемлекеттер делегацияларының басшылары «ИННОПРОМ. Беларусь» көрмесіне барып, экспозициялармен, соның ішінде Қазақстанда өндірілетін инновациялық өнімдермен танысты.
Қазақстан 40-қа жуық елдің өкілдерінің басын біріктірген «ИННОПРОМ. Беларусь» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысуда. Ұлттық экспозициямызға машина жасау, цифрландыру, тау-кен металлургия және химия, жеңіл өнеркәсіп салаларынан шыққан 20 компания өнімдерін шығарды. Биыл Қазақстан жоғары экспорттық әлеуеті бар жаңа өнеркәсіптік әзірлемелерді ұсынып отыр, деп хабарлады өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.
— Әрбір жоба өзінше бірегей. Теміржол саласына арналған өнімдердің ішінде Қазақстанда өндірілетін дөңгелектер жұбын атап өтуге болады. Сонымен қатар, біздің кәсіпорындар вагон жасауда қолданылатын теміржол дөңгелегінің жаңа S-тәрізді дискісін жасап шығарды. Оның қызмет ету мерзімі 1520 мм-лік жолтабандары үшін пайдаланылатын аналогтарына қарағанда ұзағырақ. Мұндай әзірлемелер біздің кәсіпорындарымыздың инновациялық және бәсекеге қабілетті өнім жасауға қабілетті екенін көрсетеді, — деп атап өтті Олжас Сапарбеков.
Отандық теледидар өндірушісі Орталық Азия елдеріне экспорт көлемін арттыруды жоспарлап отыр
Қазақстанда өндірілетін теледидарлардың жартысына жуығын бір кәсіпорын шығарады. Бес жыл ішінде DS Multimedia CA компаниясы жалпы құны шамамен 10 млрд теңгені құрайтын 250 мыңнан астам теледидар өндірді.
Соңғы бір жылда зауыттың тәулігіне шығаратын өндіріс көлемі екі есеге – 600-700-ден 1200-1300 теледидарға дейін артты. Сондай-ақ артқы панельдер, қаптама мен құрамдас бөлшектер өндірісі жолға қойылды.
Қазіргі таңда компания өнімдері Ресейге экспортталуда. Алдағы уақытта кәсіпорын өнім түрлерін кеңейтуді көздеп отыр, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдердің нарықтарына шығу мәселесін қарастыруда.
Компания көрмеге қатысу жаңа серіктестер тауып, экспорт географиясын кеңейтуге мүмкіндік ретінде қарастырады.
Қазақстандық тұрмыстық техника өндірушісі бір жылда өндіріс көлемін екі есеге арттырды
Тұрмыстық техника шығаратын қазақстандық Almaty Turmystyq Tehnika Zavody 2028 жылы тоңазытқыштар мен мұздатқыш жабдықтар өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда зауыт ас үй плиталарын, пештер мен ас пісіру панельдері және ауа сорғыштар құрылғылар шығарады.
Компания өндіріс көлемін жыл сайын арттырып келеді. 2024 жылы 30 мың дана техника өндірілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 55 мыңға жетті. 2026 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемін 100-110 мың данаға жеткізу жоспарланып отыр.
— Кәсіпорында штамптау, бояу және эмальдау цехтары, сондай-ақ қаптамаларға арналған пенопласт өндіру желісі бар. Металл бөлшектерді кәсіпорынымыздың өзінде әзірленген матрицалар мен пресс-формаларды пайдалана отырып, өзіміз өндіреміз. Компания өнімнің дизайнын да өзі әзірлеп, өндірісті барынша локализациялады. Келесі кезең – климаттық техника, тоңазытқыштар мен мұздатқыш жабдықтар өндірісін игеру. Аталған жобаны 2028 жылы бастап, өнім шығару ісін жолға қоюды жоспарлап отырмыз, — деді кәсіпорын басшысы Арсен Уштаев.
Қазақстандық компания аса агрессивті ортада жұмыс істеуге арналған өнеркәсіптік сорғы әзірледі
«Maker» ЖШС компаниясы өздері жасап шығарған ОСС-180 көлденең орнатылатын ортадан тепкіш сорғыны көпшілік назарына ұсынды, ол үлкен көлемдегі суды соруға және кеніштердегі еңбек жағдайларын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын өнеркәсіптік сорғылар өндірісін кеңейтуді және шетелге шығара бастауды жоспарлап отыр.
— Құрылғы сағатына 180 текше метрге дейін суды сорып шығара алады және әдетте сорғылар жүктемеге төтеп бере алмайтын ерекше агрессивті ортаға арналған. Біздің өнімдер тау-кен өнеркәсібінде тұрақты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін су және басқа да жоғары абразивті массаларды айдауда қолданылады, — деді кәсіпорын директоры Ержан Данияров.
KSP Steel өндірісті кеңейтіп, тұтас бөлікті құбырлардың экспортын ұлғайтады: бір жыл ішінде сумму $90 млн-нан астам сомаға келісімшарт жасалды
Қазақстандағы мұнай өнеркәсібіне арналған жіксіз құбырлардың жалғыз өндірушісі KSP Steel компаниясы өнім түрлерін кеңейтіп, экспорт көлемін ұлғайтып келеді. Бұл туралы компанияның коммерциялық директоры Бауыржан Қожабеков мәлімдеді. Жылына 300 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы кәсіпорын АҚШ-пен жалпы сомасы $93 млн-нан асатын келісімшарттар жасасты. Қазіргі уақытта 4,5 мың тонна құбыр жөнелтілді. Зауыт өнімдері Канадаға, Мысырға, Өзбекстанға, Қырғызстанға және Түрікменстанға жеткізіледі.
— Біз Қазақстан Республикасы Президентінің импортты алмастыру бағдарламасы аясында қойған міндеттерін толық орындап отырмыз. Ішкі өндіріс көлемін премиум санаттағы бұрандалы қосылыстары бар құбырлар, ішкі бетіне коррозияға қарсы жабын жағылған құбырлар сияқты жаңа сегменттерде кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл өнімдер алдағы уақытта ұңғымаларды салу, бұрғылау, сондай-ақ күрделі және жерасты жөндеу жұмыстарында қолданылатын болады, — деді Бауыржан Қожабеков.
Қазақстанда ЖИ элементтері бар компьютерлік платалардың бірегей өндірісін іске қосу жоспарланған
Компьютерлік және сервистік техниканы шығаратын Qazaq Investment Company компаниясы жақын арада Қазақстанда плата өндірісінің толық циклінің бірінші SMT-желісін іске қосуды жоспарлап отыр: елде жеке серверлер, аналық платалар және жинақтағыштар шығарылатын болады.
— Бұл жоба бізге Мемлекет басшысының компьютерлік техникаға арналған жиынтықтауыштар бойынша импортты алмастыру саласындағы бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз болашақ платаларымызда жасанды интеллектті пайдалануды жоспарлап отырмыз. Бұл Президенттің қазақстандық өнімдегі жасанды интеллект мазмұнының үлесін арттыру жөніндегі бағдарламасына тікелей сәйкес келеді, — деді Qazaq Investment Company компаниясының өкілі Мақсат Әбішкен.
Стартап TrustExam.ai қызметкерлерді аттестаттау үшін өнеркәсіп секторына қашықтан бақылау жүйесін енгізді
Қазақстанда IT-шешімдерді дамыту аясында TrustExam.ai компаниясы сертификаттау, верификациялау және прокторингпен емтихан өткізуді қамтитын жүйесін өнеркәсіптік қауіпсіздік саласына кеңейтті. Шешім қызметі денсаулық пен өмірге қауіп төндіретін кәсіпорындардағы қызметкерлердің білімінің дұрыстығын растауға мүмкіндік береді. Бүгінде әзірлеме Ресей, Канада, Үндістан және АҚШ-та қолданылады.
«Газпромнефть» кәсіпорнымен 5 жылдық келісімшарт шеңберінде 3-4 ай ішінде ресейлік компанияның 100-ге жуық қызметкері қазақстандық әзірлемені пайдалана отырып, өнеркәсіптік қауіпсіздікке аттестаттаудан өтті.