Қазақстанның IT жобасы халықаралық байқауда жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Президент іс басқармасының инженерлік-техникалық орталығы WSIS Prizes 2025 байқауында жеңіске жетті.

Фото: Президент істерін басқарудың инженерлік-техникалық орталығы

Бұл әлемге әйгілі цифрлық конкурс. Жерлестеріміз өз номинациясында топ 5 команда ішінде 2 миллион дауыс жинап, «Ситуациялық-сараптамалық кешен» жобасымен үздік деп танылды. 

Фото: Президент істерін басқарудың инженерлік-техникалық орталығы

Женевада өткен WSIS+20 салтанатты рәсімінде әлемдегі ең ірі цифрлық байқаулардың жеңімпаздары жарияланды. Марапатты ЭХО Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар өкілдері қатысып, өзі табыстады.

Президент Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы әзірлеген САК жобасы — мемлекеттік сектордағы деректерді талдауға, мониторинг жүргізуге және жедел басқаруға арналған инновациялық цифрлық платформа. Бұл платформа еліміздің 20 өңірін қамти отырып, Қазақстан бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың түрлі бағыттары бойынша 500-ден астам көрсеткішті қамтиды.

Фото: Президент істерін басқарудың инженерлік-техникалық орталығы

— Бұл жеңіс — еліміздің цифрлық дамуының халықаралық деңгейде мойындалуы. Қазақстан жоғары технологиялық әлеуетке ие екенін көрсетіп, әлемдік трендтерді қуып қана қоймай, маңызды цифрлық шешімдерді ұсынып, оларды жаһандық деңгейде дамытуға үлес қоса алатынын дәлелдеді, — деді ПІБ ИТО басшысы Дәурен Нұрәлиев.

Қазақстанмен бірге бұл номинация бойынша финалға Өзбекстан, Руанда, Мексика және Біріккен Араб Әмірліктерінің жобалары да өтті.