«Қазақстанның Кәсіби футбол лигасы» ЗТБ Қазақстан футбол федерациясы мүшелігінен шығарылды

Фото: Photo credit: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақстанның Кәсіби футбол лигасы» ЗТБ Қазақстан футбол федерациясы мүшелігінен шығарылды. Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан футбол федерациясының кезектен тыс XXVIII конференциясы барысында белгілі болды.

ҚФФ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа өзгерістерге сәйкес, «Қазақстанның Кәсіби футбол лигасы» ЗТБ енді жарыстар өткізбейді, сондықтан аталған ұйымның ҚФФ мүшелігіндегі өкілеттігі тоқтайды. Сол себепті, ҚКФЛ президенті Атқарушы комитеттің құрамына лауазымы бойынша ену құқығынан айырылды.

Айта кетейік, Қазақстан футбол лигасының жүйесі 3 сатыдан тұрады. Олар: премьер-лига, бірінші және екінші лига. Сонымен қатар, елімізде әйелдер лигасы, суперкубок және лига кубогы сияқты басқа да жарыстар өтеді.

Қазіргі уақытта, футболдан ел ішіндегі барлық жарыстар тек ҚФФ аясында өтіп жатыр.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың төрағалығымен ҚФФ-ның кезектен тыс XXVIII конференциясы өтті.

Осыған дейін Қазақстан футбол федерациясы Атқарушы комитетінің жаңа құрамы белгілі болғанын жазған едік.