Мектеп тауары қайда арзан, ал қайда қымбат
Қазақстан қалалары арасында Петропавлда баға төмен. Орта есеппен 22 мың теңгеден басталады. Одан әрі Атырау қаласында 25 мың, Таразда 27 мың, Павлодар мен Семей қалаларында 30 мың теңге және одан жоғары қаржы қажет болады.
Ал баға Астана қаласында жоғары. Мұнда ата-аналар бір балаға 240 мың теңгеге дейін жұмсайды. Алматы қаласында 215 мың, Шымкентте 188 мың, ал Қарағанды қаласында 185 мың теңгеге дейін жетеді.
Есептей келе ең арзаны мен ең қымбатының арасындағы айырмашылық шамамен 11 есеге жеткенін көруге болады.
Әр санаттағы төмен және жоғары баға
Егер әр санатта тауар бағасын салыстырсақ, айырмашылықтың айтарлықтай жоғары екенін көреміз.
Мектеп формасы. Төмен баға Петропавл қаласында тіркелді. Мұнда мектеп формасын 9 мың теңгеге салып алуға болады. Ал Астана қаласында 80 мың теңгеге дейін жетті. Шымкент қаласында қымбат киімді 78 000 теңгеге сатып алса, алматылықтар 75 000 теңге жұмсайды.
Аяқ киім. Петропавлда аяқ киімді 4 000 теңгеге де сатып алуға болады, ал астаналықтар кейде 70 000 теңге де жұмсауы мүмкін. Өңірлер тізімінде Қызылорда қаласы ерекшеленіп тұр. Мұнда ең арзан аяқ киім бағасы 20 000 теңгеден басталады.
Сөмке. Ең арзаны Шымкент қаласында сатылады. Бағасы 3 000 теңгеден басталады. Сонымен бірге Көкшетау қаласында да сөмкені 3 500 теңгеге сатып алуға болады. Ең жоғары баға 50 000 теңгеге дейін жетті. Қымбат сөмкелер Астана, Алматы мен Қарағанды қалаларында сатылады.
Кеңсе тауары. Ата-ана бір балаға арналған мектеп құралына кем дегенде 5 000 теңге жұмсайды. Ал Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған мен Шымкент қалаларында кеңсе тауарын жинақтауға 40 000 теңге керек.
Қорытындылай келе, мектепке қажетті кеңсе тауарын жинақтау үшін кем дегенде бір балаға 5 000 теңге жұмсалады. Ал Астана қаласында ең арзанын таңдаса 10 000 теңге қажет болады.
Мектепке дайындауға кемінде қанша қаражат қажет?
Мектеп формасы, аяқ киім, сөмке және кеңсе тауарларын, яғни, бір оқушыға арналған жиынтықты есептеп, арзан өңірлерді анықтадық.
Қолда бар деректерге сүйенсек, Петропавлда — 22 мың теңге. Бұл сомаға 9 мың теңгеден басталатын мектеп формасы, 4 мың теңгелік аяқ киім, 4 мың теңгелік сөмке және 5 мың теңгеден басталатын кеңсе тауары кіреді.
Ең төменгі баға тізімінің екінші орнында Атырау қаласы тұр. Мұнда бір оқушыны мектепке дайындауға 25 мың теңге де жұмсауға болады. Одан кейін Тараз қаласы. Оқушыға қажетті қаржы көлемі — 27 мың теңге. Павлодар мен Семейде жиынтық құны шамамен — 30 мың теңге.
Ал Қызылордада жиынтықтың ең төменгі құны 57 мың теңгені құрайды. Бұл баланы мектепке дайындауда арзанға түсетін өңірлердің ішінде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Бұған аяқ киімнің бағасы кері әсер етіп тұр. Мұнда ең арзаны — 20 мың теңге.
Астанада баға жоғары. Алайда бір балаға 45 мың теңге де жұмсауға болады. Қарағанды мен Жезқазғанда да ең төменгі жиынтық сомасы — 45 мың теңге.
Ең жоғары бюджет 240 мың теңгеге дейін жетті
Егер тауарларды таңдап, ұнағаны мен сапалысын ғана сатып алса, баға сәйкесінше өсе береді. Өңірлер арасындағы айырмашылық та алшақтайды.
Астанада бір балаға 240 000 теңге де жұмсайды. Оның ішінде мектеп формасы 80 мың теңге, аяқ киім 70 мың, сөмке 50 мың және кеңсе тауарлары 40 мың теңгеге дейін баруы мүмкін.
Алматыда ең қымбаты 215 мың теңгені құрайды. Шымкентте — 188 мың, Қарағандыда — 185 мың, Жезқазғанда — 180 мың теңге.
Толық жиынтықтың ең төменгі жоғарғы шегі Атырауда байқалды. Қажетті сома — 100 мың теңге. Көкшетауда бұл көрсеткіш — 101,5 мың теңге, Қостанайда — 120 мың, Таразда — 120 мың теңге.
Елімізде оқушыны жаңа оқу жылына дайындау құны өңірлерге қарай өзгеріп отырғанын көреміз. Ең төмені Петропавлда. Мұнда 22 мың теңгеден басталса, Қызылордада 57 мың теңгеге дейін жетті.
Ал бағасы жоғары өңірлердің тізімін Атырау бастайды. Мұнда 100 мың теңге. Ал Астанада 240 мың теңгеге дейін жетті.
Баласын мектепке дайындаған кезде арзан әрі қолжетімді жиынтық құны шамамен 22–57 мың теңге болады. Ал тауар ең жоғарысы 100 000 теңгеден басталып, 240 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Айта кетейік, нақты шығын таңдауға қарай өзгереді. Себебі сырт киім, спорттық киім, ауыстырып киетін екінші аяқ киім секілді өзге де қажеттіліктер бұл тізімге кірмеді. Керек-жарақ өзгерсе, қосымша шығын болады.
Бұған дейін Қазақстандағы жеке мектептерде оқу ақысы туралы жазылды.
Сонымен бірге 2026–2027 оқу жылының мектеп формасына қатысты негізгі талаптар айтылды.