Қазақстанның Қытай инвестициясын тарту саясаты берік әрі дәйекті болып қала береді — Президент

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Қытай инвестицияларын кеңінен тартуға бағытталған саясаты берік әрі дәйекті болып қала береді. Бұл туралы «Орталық Азия — Қытай» ІІ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Орталық Азия мемлекеттерінің жиынтық жалпы ішкі өнімі жарты триллион долларға жақындап келеді. Соңғы бес жылда аймақішілік тауар айналымы айтарлықтай өсіп, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың барлық сыртқы сауда айналымының шамамен 40 пайызы Қытай үлесіне тиесілі болды. Бұл рекордтық 95 миллиард долларды құрады, — деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қытаймен өзара тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті.

— Қазақстанның экономикалық өсімінің маңызды құрамдас бөлігі қытайлық инвестициялар болды. Оның жиынтық көлемі 26 миллиард доллардан асты. Қазақстанда қытай капиталының қатысуымен 5 мыңға жуық кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр. Мұнай-газ, химия, металлургия, агроөнеркәсіп, тау-кен және басқа да салаларда ондаған ірі жоба іске асырылды. Қазақстанның Қытай инвестицияларын кеңінен тартуға бағытталған саясаты берік әрі дәйекті болып қала береді. Бұл стратегия саяси конъюнктураға ұшырамайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Орталық Азия — Қытай» ІІ саммитіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.