«Қазақстан» залында Қазақстанның Тұрақты өкілі Ержан Қазыханның, FIDE президенті Тимур Турловтың, БҰҰ өкілдерінің, сондай-ақ шахматтан әлем чемпионы атағы үшін өтетін матчқа қатысушылар – қазіргі әлем чемпионы, Үндістан өкілі Гукеш Доммараджу мен өзбекстандық үміткер Жавохир Синдаровтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Ержан Қазыхан шахматтың халықаралық диалог пен өзара түсіністікті нығайтудағы рөлін атап өтті. Оның айтуынша, шахмат пен дипломатияның негізінде стратегиялық ойлау, ережелерді құрметтеу және өзара қолайлы шешімдерді іздеу қағидаттары жатыр. Сонымен қатар ол Қазақстанда шахматтың дамуына және қазақстандық жастар арасында осы спорт түріне деген қызығушылықтың артуына ерекше назар аударды.
Ашылу салтанаты Ұлттар сарайының Ассамблея залында дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар мен әлемдік шахмат қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен өтті.
Шахматтан әлем чемпионаты 2026 жылғы 22 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Женеваның маңындағы Колоньиде орналасқан Мартин Бодмер қорында өтеді. Гукеш Доммараджу мен Жавохир Синдаров арасындағы матч шахматтан әлем чемпионы атағы үшін күрес тарихындағы ең жас кездесу болмақ. Екі қатысушы да 20 жаста. Алғашқы партия 24 қарашаға жоспарланған.
Қазақстан тарапының қатысуымен ашылу рәсімінің ұйымдастырылуы еліміздің халықаралық аренада шахматты ілгерілетудегі белсенді рөлін және әлемдік шахмат қозғалысын дамытуға қосқан үлесін көрсетеді. Бұл, соның ішінде, Тимур Турловтың FIDE президенті болып сайлануы аясында да маңызды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Швейцария су саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындағанын жаздық.