Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары J. P. Morgan бақылау тізіміне қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары GBI-EM (Government Bond Index – Emerging Markets) индексіне енгізу үшін J. P. Morgan бақылау тізіміне қосылды. Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлады.

Фото: Қаржы министрлігі

J.P. Morgan индекстік жіктемесін қайта қарау қорытындысы бойынша 2026 жылы Қазақстанға GBI–EM дамушы нарықтар индексіне елдің мемлекеттік бағалы қағаздарын әлеуетті енгізу үшін Index Watch–Positive (бақылаудың оң тізімі) мәртебесі берілді.

12 ай ішінде халықаралық клиринг және есеп айырысу инфрақұрылымы арқылы қол жеткізу мүмкіндігін қоса алғанда, халықаралық инвесторлар үшін қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының қолжетімділігі бағаланатын болады. Индекс критерийлеріне сәйкес келетін облигациялардың өтімділігі де қарастырылады.

Мәртебе беру Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Қазақстан Ұлттық Банкінің мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту, нарықтық инфрақұрылымды жетілдіру және халықаралық инвесторлар үшін қазақстандық қаржы құралдарының қолжетімділігін арттыру жөніндегі бірлескен жұмысының маңызды нәтижесі болды.

Қараудың жаңа кезеңіне көшу қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын халықаралық капитал нарықтарына интеграциялаудағы прогресті растайды. Индекске әлеуетті енгізу шетелдік инвесторлар базасын кеңейтуге, өтімділікті арттыруға және қарыз алу құнын төмендетуге ықпал ететін болады.

Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары жаңа модель бойынша бағаланатынын жазған едік.