Дүниежүзілік банк Қазақстанның бюджет, қаржы саясатына жасаған шолуында мемлекеттік сатып алу сайты қарапайым халыққа түсініксіз екенін мәлімдеген.
Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің өкілдері өткізген баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері ведомство басшыларынан осы сынға қандай жауап қайтаратынын сұрады.
«Дүниежүзілік банк біздегі мемлекеттік сатып алудың субьектісі емес. Біздің сатып алуға қатыспайды. Мүмкін олар басқа сатып алу жүйесін айтып отырған шығар. Егер сол пайымын бізге нақты хат немесе ауызша хабарлама түрінде жеткізсе, ол мәселені талқылауға дайынбыз. Олар біздің мемлекеттік сатып алу сайты мен квазимемлекеттік сатып алу сайтын шатастыруы мүмкін», — дейді ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Астана қалалық департаменті басшысының орынбасары Әсет Байқуанышев.
Комитет өкілі халықаралық қаржы ұйымының мамандары айтқан пікірмен келіспейтінін айтады.
«Мен өз тарапымнан, осы саланың маманы ретінде ондай оймен келіспеймін. Себебі әрбір әлеуетті өнім беруші біздің порталда жақсы жұмыс істейді. Тіпті бізден жақсы істейді. Әлеуетті өнім беруші де — халықтың бір өкілі. Сондықтан халық порталды түсінбейді деген дұрыс емес деп ойлаймын. Әрине, мемлекеттік сатып алуға қатысы жоқ кісілер білмеуі мүмкін. Себебі олар мемлекеттік сатып алумен айналыспайды. Ал бірақ айналысам деген кісі порталдың ішінде бүкіл қадам нақты көрсетілгенін көреді. Ешқашан мемлекеттік сатып алумен жұмыс істемеген болса, бастапқы кезеңде кішігірім түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек шығар. Бірақ ол мәселемен болашақта әлеуетті өнім беруші болам деген кісі оқудан өтеді. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша көптеген жеке оқу беретін орындар өте көп», — деді департамент басшысының орынбасары.