Қазақстанның мұнай-газ компаниялары өткен тәулікте қанша мұнай өндірді
Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіндегі компаниялар өткен тәулікте 184,6 мың тонна мұнай және газ конденсатын өндірді, деп деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенінің ахуалдық-талдау орталығы 28 қарашада еліміздің аумағында өндірілген мұнай және газ өндіру, «қара алтын» өңдеу көрсеткішін жариялады.
Өткен тәулікте компаниялар 184,6 мың тоннаны мұнай және газ конденсатын өндірген. Бұл күні газ өндіру көлемі 134,6 млн текше метрді құраған. Ал, мұнай өңдеу зауыттарында тәулігіне 50,0 мың тонна шикізат өңделген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қазақстандағы тағы бір компания мұнай өндіру көлемін азайтқанын хабарлаған болатынбыз.
ENERGY MONITOR телеграм каналының мәліметіне қарағанда, кеше NCOC компаниясы мұнай өндіруді 54 мың тоннадан 33 мың тоннаға дейін төмендеткен.
«Тағы бір ірі қазақстандық компания Каспий құбыр консорциумының (КҚК) ауа-райының нашарлауына байланысты Новороссийск портына мұнай жөнелтуді тоқтата тұруына байланысты мұнай өндіруді шектеді. Кеше NCOC компаниясы мұнай өндіруді 38%-ға, 54 мың тоннадан 33 мың тоннаға дейін төмендетті. ТШО компаниясы 26 қарашада өндірісті 50%-ға, 28 қарашада тағы 10%-ға азайтты», - деп хабарлады ENERGY MONITOR.
Сондай-ақ Энергетика министрінің кеңесшісі еліміздің ірі кен орындарында мұнай өндіру көлемі 56 пайызға қысқарғанын айтқан еді.
«Қазіргі сәтте еліміздің ірі кен орындарында мұнай өндіру көлемі 56 пайызға төмендеді. Энергетика министрлігінде қандай кезеңде жағдайдың тұрақталатындығына қатысты мәлімет жоқ. Таяу келешекте мұнай өндіру көлемінің төмендеуі мен түзетілуі осы деңгейде қалады», - деді Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов.