Қазақстандық оқушылар Алматыдағы музейлерге тегін кіре алады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 24 қаңтардан бастап еліміздің мектеп оқушылары үшін Алматыдағы музейлерге кіру тегін болады. Алматы әкімдігі бүгін тиісті шешім шығарды.

Фото: Алматы әкімдігі

Әкімдіктің мәліметінше, бұл оқу процесін байытып қана қоймай, балалардың мәдениет, өнер және тарихқа деген терең қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, музейлерге бару арқылы олардың сыни ойлау қабілеті мен аналитикалық дағдылары дами түспек.

Фото: Алматы әкімдігі

«Елімізде 3,9 млн оқушы бар. Біз барлық бала мен жасөспірім өнер туындыларын, артефактілер мен экспонаттарды өз көздерімен көріп, дүниетанымын кеңейткенін қалаймыз. Бұл оларға қосымша білім алып, тарихи оқиғаларға терең үңілуге көмектеседі. Мектеп оқушылары музейлерге негізінен сынып жетекшілерімен бірге келетінін байқаймыз. Енді олар оқу жылы барысында да, демалыс кезінде де Алматы әкімдігіне қарасты музейлерге тегін бара алады», – деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Алматыда мектеп оқушылары тегін бара алатын музейлердің тізімі келесідей:

1. Алматы тарихы музейі (Қабанбай батыр көшесі, 132)

2. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі (Зенков көшесі, 24/А),

3. Д.А. Қонаев музейі (Төлебаев көшесі, 117),

4. Әдеби-мемориалдық музей кешені:

5. С. Мұқановтың музей-үйі (Төлебаев көшесі, 125, 3-пәтер)

6. Ғ. Мүсіреповтің музей-үйі (Қарасай батыр көшесі, 49, 25-пәтер)

7. Тілендиевтің мемориалдық музейі (Қонаев көшесі, 96),

8. А.Байтұрсынұлының музей-үйі (Байтұрсынұлы көшесі, 60)

9. Райымбек батыр музей кешені (Райымбек батыр даңғылы, 96 а)

10. Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы («Нұркент» шағын ауданы, 5/11).