Оның айтуынша, қазіргі уақытта Түркістан және Қызылорда облыстарында күндіз ауа температурасы 43-45 градусқа дейін көтерілген.
— Осындай қатты ыстық 18 шілдеге дейін жалғасады. Осы өңірлерде күндіз ауа температурасы 43-48 градусқа дейін жетеді деп болжанып отыр. Бұл — шілде айы үшін қалыпты құбылыс. Сондай-ақ еліміздің бұл аймағында алдағы бес күнде жауын-шашын күтілмейді, — деді Ардақ Қалменова.
Маманның түсіндіруінше, қазіргі аптап ыстыққа Иран аумағынан келіп жатқан ыстық әрі құрғақ ауа массалары себеп болып отыр. Соның әсерінен еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан жоғары.
— Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарында әзірге күндіз 23-31 градус шамасында болады. Алайда 18 шілдеден бастап бұл өңірлерде де ыстық күшейіп, ауа температурасы 30-35 градусқа дейін көтеріледі. Ал батыс өңірлерде ауа температурасы біршама төмендеп, күндіз 23-31 градус болады, — деді басқарма басшысы.
Сонымен қоса «Қазгидромет» маманы Астананың ауа-райы болжамына да тоқталып өтті.
— Астанада бүгін күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтерілді. Ертең 30-33 градусқа дейін төмендейді. Алайда 18 шілдеден бастап елордада қайтадан ыстық күшейіп, ауа температурасы 35-37 градусқа дейін жетеді, — деді ол.
Айта өтейік, 14 шілдеде Астанада ауа температурасы 38,6 градусқа жетіп, 1992 жылы осы күні тіркелген рекорд жаңарды.