Қазақстанның Ресейдегі Елшісі мен Астрахан облысының басшысы екіжақты ынтымақтастықты талқылады

Фото: Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі

МӘСКЕУ.KAZINFORM — Қазақстанның Ресейдегі елшісі Д. Абаевтың Астрахан облысына жұмыс сапары өтті. Осы сапар аясында дипломат Астрахань қаласында (Ресей) өткен 10-шы Каспий медиафорумында сөз сөйлеп, сондай-ақ аталмыш Ресей өңірінің басшысымен кездесті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген дипломат шараның «Каспий тарихы: өткеннен болашаққа» тақырыбын аса өзекті деп атап өтті. Ол медиафорумның 10 жыл ішінде өзінің қажеттілігі мен тиімділігін дәлелдеп, іс-шараға қатысушы елдердің медиа қауымдастықтары үшін маңызды байланыс алаңына және ашық диалог пен бірлескен шешімдер қабылдау платформасына айналғанын еске салды.

Фото: Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі

Сонымен қатар, Астрахан облысына барған сапарында Елші өңір губернаторы Игорь Бабушкинмен кездесті. Екі тарап елдер арасындағы өндірістік кооперация, инвестиция және логистика, кемесаздық және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Күзде Орал қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумын ескере отырып, шекара маңы ынтымақтастығына ерекше көңіл бөлінді.

Өзара сауданың көлемін арттыруда «Атырау — Астрахань» автожолының күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталуы мен «Құрманғазы» өткізу пунктін қайта жаңарту оң әсерін тигізуі тиіс. Тараптар Астрахан мен Атырау облыстары арасындағы шекарада көлік-логистика хабын салу мәселесіне қызығушылық танытты.

Фото: Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі

Сауда байланыстарын және көлік инфрақұрылымын нығайтуды «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық коридорының дамуы да қолдайды, оған Астрахан облысының логистикалық мүмкіндіктері пайдаланылады. Осыған байланысты Елші аймақтың маңызды транзит нүктелері саналатын жергілікті порттардың жұмысымен танысты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ресей Қазақстан аумағында жаңа мұнай айдайтын станса салуы мүмкін екенін жазған едік.