Қазақстанның Ресеймен бірлескен «Бәйтерек» жобасы аяқталуға жақын
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров аталған жоба Қазақстанда ұлттық ғарыш бағдарламасын құруға ықпал ететінін мәлімдеді.
— Қазақстан-ресейлік «Бәйтерек» жобасы аяқталу сатысына жақын. Бұл жоба Қазақстанда ұлттық ғарыш бағдарламасын құруға ықпал етеді. Біздің жоспарымызда перспективалы зымыран тасушы «Союз 5»-ті бірлесіп ұшыру бар, — деді Ресейдің ведомство басшысы.
Лавров сондай-ақ Мәскеу осы жылы маусымда қабылданған АЭС құрылысын жүргізуге жауапты халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде ресейлік «Росатом» корпорациясын таңдау шешімін қолдағанын айтты.
— Мен әріптесіме осы саладағы барлық міндеттерді мерзімінде және толық көлемде орындауға дайын екенімді айттым. Қазір профильдік ведомстволар арқылы техникалық қаржылық параметрлер мен заңдық мәселелер қаралып жатыр, — деді Лавров.
Лавров сондай-ақ Ресей Қазақстанның жетекші сауда серіктесі екенін атап өтті.
Министрдің айтуынша, бірлескен жылу және гидроэнергетикалық жобалар арқылы энергетикалық қауіпсіздікті ілгерілетуге үлкен көңіл бөлінеді.
-Біз мәдени-гуманитарлық байланыстарды жоғары бағалап, Қазақстандағы ресейлік университеттер филиалдарының желісін дамыту мәселесін талқыладық, бұл өзара процесс биыл басталған. Мәселен, қыркүйекте Омбыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы студенттерге есігін айқара ашты. Қазақстан мен Ресейде бірлескен оқу орындарын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ермек Көшербаевпен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасайтын мемлекеттік сапарына дайындық жүріп жатқанын, бұл сапар халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға болатынын айтқан еді.