Қазақстанның республикалық бюджет кірісі 1,4 трлн теңгеге артты

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша елдің фискалдық жағдайы экономикалық белсенділіктің жеделдеуі, салық базасының кеңеюі және тұтынудың тұрақты өсуінің арқасында айтарлықтай жақсарды. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының аналитикалық орталығы хабарлайды. 

Алайда, өсім екіжақты сипатқа ие, өйткені, іргелі факторлармен қатар жоғары құрылымдық тәуелділіктің сақталуын да қамтиды деп отыр сарапшылар.

Жалпы салық түсімдері екі таңбалы өсім көрсетіп, мемлекеттің ағымдағы фискалдық позициясын едәуір нығайтты. Барлығы 19,1 трлн теңге салық жиналды, бұл көрсеткіш өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 15,5 пайызға артық.

Салық түсімдерінің ең жоғары өсімі республикалық бюджетте тіркелді (+1,8 трлн теңге). Оның 90%-дан астамы ҚҚС (қосылған құн салығы) түсімдері, (+727 млрд теңге), корпоративтік табыс салығы (+713 млрд теңге), іскерлік белсенділік пен инфляцияның өсу көрсеткіштері, одан әрі мұнай өндірісі (13,2%-ға артты) және 75,7 млн тоннаға жетуіне байланысты кедендік баждар (+206 млрд теңге).

Жергілікті бюджеттер бойынша (+915 млрд теңге) негізгі өсім жеке табыс салығы (+312 млрд теңге), әлеуметтік салық (+204 млрд теңге) және акциздер (+143 млрд теңге) есебінен қамтамасыз етілді.

Жоғарыда аталған уақыт ішінде жалақы деңгейі (+11,3%), жұмыспен қамту (+103 мың адам) артқаны байқалады. Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік салық мөлшерлемесінің 11%-ға дейін ұлғаюы әсер етті. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерінің салық базасы 119,8 мыңға кеңейді. Одан бөлек жекелеген акциздік тауарларға ішкі тұтыну да өскен.

Алайда, Ұлттық қорға түсетін салық түсімдері 5 пайызға немесе 153 млрд теңгеге төмендеді. Бұл негізінен ренталық салық пен корпоративтік табыс салығынан түсімдердің азаюы есебінен болды, яғни мұнай бағасының төмендеуімен тікелей байланысты. Соған қарамастан республикалық және жергілікті бюджеттерге түсетін жоғары салық түсімдерінің арқасында елдегі жылдық салық жинау жоспарының орындалуы 68 пайызға жетті (былтыр 61 пайыз болған).

Республикалық бюджеттің шығыстарына келсек, 7,6 пайызға немесе 1,3 трлн теңгеге өсті. Бұл қаражат әлеуметтік көмек пен қамсыздандыруға, трансферттерге және қарызды жабуға бағытталды. Жергілікті бюджет шығыстары 15,7 пайызға немесе 1,6 трлн теңгеге артқан, салаларға келсек, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қаржы активтерін сатып алу.

Шығыстардың өсімі кірістерден озық болғандықтан, жиынтық шығыс кірістен 5,8 трлн теңгеге асып түсті, бұл бюджет тапшылығын жою мен қарыздарды өтеу үшін жедел қарыз алуға әкелді. Тапшылықты жою үшін 6,5 трлн теңге жаңа қарыз тартылды (1,2 трлн теңгеге өсім). Жылдық жоспар 75 пайызға орындалды.

Сондай-ақ 9 ай ішінде Ұлттық қордан республикалық бюджетке 4,2 трлн теңге трансферт бөлінді, бұл жылдық жоспардың 80 пайызын құрайды. Қарашадағы өтінімді ескерсек, желтоқсан айына шамамен 700 млн доллар көлеміндегі қаражат алынбай қалады. Ұлттық қор активтерінің 6,6 пайызға өсіп, 62,7 млрд долларға жетуі салық түсімдерінің азаюына қарамастан, тек инвестициялық табыстың жоғары болуымен 2025 жылдың тоғыз айында 6,5 млрд доллармен қамтамасыз етілді.

Ұлттық қор активтері фискалдық емес, нарық факторларының есебінен өсіп отыр, бұл өз кезегінде жаһандық қаржы конъюнктурасына тәуелді етеді.

— Республикалық бюджеттегі негізгі салық түрлері бойынша өсім ішкі тұтынудың жандануын және сыртқы экономикалық белсенділіктің артуын, соның ішінде мұнай өндірудің өсуін көрсетеді. Алайда қосылған құн салығының (ҚҚС барлық салықтың 43 пайызы) және шикізат секторының (21 пайызы) жоғары үлесі ұзақ жылдар бойы орталық бюджеттің ішкі тұтынушылық сұраныс пен экспорттық конъюнктураға тәуелділігін көрсететін құрылымдық осалдық, — делінген хабарламада.

Жергілікті бюджеттерге түсетін салықтардың өсуі неғұрлым тұрақты әлеуметтік-экономикалық сипатқа ие. Бұл дегеніміз жұмыспен қамтудың артуы, нақты жалақының және салық мөлшерлемелерінің өсуі, сондай-ақ шағын және орта бизнестің фискалдық базасының кеңеюі. Сарапшылардың айтуынша, бұл өңірлік экономиканың жалпы фискалдық тұрақтылыққа қосқан үлесінің артып келе жатқанын, қаржыны орталықсыздандыру, жергілікті атқарушы органдардың дербестігін арттыру және салық базасын кеңейту жөніндегі шаралардың тиімділігін көрсетеді. Айта кетейік, жергілікті бюджеттерге салық жинау бойынша жылдық жоспардың орындалуы 79 пайызға жетті, бұл республикалық бюджеттегі 66 пайыз көрсеткіштен жоғары.

— Дегенмен мұнай бағасының төмендеуі Ұлттық қордың сыртқы құбылмалы жағдайға осалдығын тағы да көрсетті. Салық түсімдерінің барлығы дерлік азаюы аясында жоспарлы трансферттердің жоғары деңгейде сақталуы қор балансына қысымды күшейтеді және оның активтерінің өсуін айтарлықтай тежейді. 2026 жылы Ұлттық қордан берілетін трансферттердің қысқаруы (2025 жылғы 5,3 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін) оның активтерінің өсуін қолдап қана қоймай, бюджет саясатының ынталандыру моделінен неғұрлым жинақы әрі тұрақты тәсілге ауысқанын білдіреді. Бұл шешім бюджет саясатының стратегиялық өзгерісін, яғни бюджеттің кіріс бөлігінің дербестігін арттыруды және Ұлттық қор трансферттеріне тәуелділікті азайтуды көрсетеді. Сонымен бірге экономикаға құйылатын қаржы көлемінің қысқаруы салықтық әкімшілендіруді күшейтуді, мұнайға қатысы жоқ түсімдерді ұлғайтуды және шектеулі мемлекеттік қаражатты басым секторлар мен әлеуметтік тұрақтылықты қолдауға неғұрлым тиімді әрі нысаналы бағытта жұмсауды талап етеді, — деп қорытындылады сарапшылар.

Еске сала кетсек, осы жазда Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин енді республикалық бюджет тек ірі жобаларға бөлінетінін айтқан еді

Ал қазанда Мәжіліс өңірлердің республикалық бюджет қаражатына тәуелділігін төмендетуге қатысты заңды қабылдады