ҚР Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі акция аясында еліміздің барлық өңірінде тауарлардың жекелеген санаттарына 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған.
Акцияларға дайындық алдын ала басталды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және аумақтық департаменттермен бірлесіп, сауда ұйымдарымен үйлестіру жұмыстарын жүргізіп, ұйымдастыру мәселелерін пысықтады және қатысушылардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етті.
Бастамаға отандық өндірушілер мен сауда кәсіпорындары да қосылып, сатып алушыларға арнайы ұсыныстар дайындады.
-Республика күні – баршамыз үшін маңызды мереке. Қазақстандық бренд ретінде біз акцияны қуана қолдадық. Мерекеге орай тауарлардың жекелеген түрлеріне 20% жеңілдік белгіледік, – деді MSQ дүкенінің директоры Ғазиза Алданова.
«Анвар» сауда желісінің менеджері Еркежан Мұхамадиеваның айтуынша, сатып алушылар сүт өнімдеріне, жармалар мен көкөністерге қызығушылық танытып отыр.
-Біз акцияға бір ай бойы дайындалдық. Серіктестерімізбен бірлесіп, бірқатар тауарды белгіледік. Сөрелердегі тауарлар азая бастаған сайын оны жедел толықтырып отырамыз. Акцияға қатысатын тауарлар Bereke Fest арнайы жапсырмасымен белгіленген, – деді супермаркет директоры Жұлдыз Есімбетова.
Акциялар халыққа Республика күнін мерекелеу кезеңінде түрлі тауарларды арнайы ұсыныстармен сатып алуға мүмкіндік береді. Ал сауда ұйымдары үшін бұл бастамалар қосымша тұтынушы тартуға, сұранысты қанағаттандыруға және тауар айналымын күшейтуге бағытталған.
Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары 2026 жылғы 27 қазанға дейін жалғасады.
Осыған дейін 600-ден астам сауда нысаны Republic Day және Bereke Fest акцияларына қосылғаны туралы жаздық.