Оның айтуынша, бүгінде әлемде жоғары технологиялық өндірістерде пайдаланылатын стратегиялық маңызы бар минералдарға сұраныс артып келеді. Әлемдік экономика үшін маңызды саналатын 18 сондай минералдың 15-і Қазақстан аумағында кездеседі.
– Бұрын көптеген металл қосалқы өнім ретінде өндірілетін. Қазақстан қазір шикізат экспорттаудан біртіндеп жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын деңгейге өтіп жатыр. Мәселен, ERG компаниясы галлийді өндіріп, оны өңдеп, одан жаңа өнім жасап, Жапонияға және басқа да мемлекеттерге экспорттап жатыр. Сонымен қатар «Қазақмыс», Kaz Minerals және Kazzinc компаниялары да бұрын пайдаланылмаған компоненттерден жаңа өнімдер шығаруды қолға алды, - қауымдастықтың атқарушы директоры.
Сонымен бірге Николай Радостовец сирек жер металдары саласын дамытуға ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
– Бұл бағытты дамыту үшін жаңа инвесторлар мен жаңа технологиялар қажет. Қазақстанда құрамында бірнеше минерал бар кешенді кен орындары да, жекелеген пайдалы қазбалар кен орындары да жеткілікті. Ең бастысы – инвестор өзін мұнда қолдайтынын және жобасын іске асыруға көмектесетінін сезінуі тиіс. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізіп, оларға игеруге болатын нақты кен орындарын ұсынып келеді. Сонымен қатар қауымдастық та Қазақстанда жобаларды жүзеге асыруға ниетті компанияларға жан-жақты қолдау көрсетіп отыр, - деді ол.
Геологиялық барлау халықаралық компаниялардың қызығушылығын арттырды
Николай Радостовец соңғы жылдары геологиялық барлау саласында оң өзгерістер байқалып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан жер қойнауын зерттеу жұмыстарын күшейтіп, заманауи зерттеу әдістерін енгізіп жатыр.
– Біз ешқашан Қазақстан аумағын толық көлемде зерттеген емеспіз. Қазір мемлекет геологиялық жұмыстарға қомақты қаржы бөлді. Инвесторлар да геология саласына ерекше көңіл бөлініп жатқанын көріп отыр. Халықаралық компаниялардың қызығушылығының артуына саладағы ашықтық пен жер қойнауын пайдалану шарттарының нақты болуы да ықпал етті, - деді қауымдастықтың атқарушы директоры.
Қазіргі уақытта оның сөзінше, Қазақстанда геологиялық барлау жүргізуге 3 мыңнан астам лицензия берілген. Сонымен қатар пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар саны да өсіп келеді.
Жоғары тарифтер мен электр энергиясының құны
Оң өзгерістерге қарамастан, тау-кен металлургия кешені бірқатар жүйелі мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Радостовец олардың қатарында теміржол тасымалы тарифтерінің жоғары болуы мен электр энергиясы құнының өсуін атады.
– Бұл — біздің сала үшін өте маңызды мәселе. Себебі біз үлкен көлемдегі жүктерді теміржол арқылы тасымалдаймыз және электр энергиясын едәуір көлемде тұтынамыз. Осыған байланысты сала кәсіпорындары өз электр энергиясын өндіретін қуат көздерін салуға мүдделі болып отыр. Тау-кен металлургия компаниялары экологиялық талаптарға сай келетін заманауи көмірмен жұмыс істейтін электр станциялары жобаларын жүзеге асыруға дайын, - деді ол.
Ол бірнеше жыл бұрын мұндай бастамаларға қолдау таппағанын, алайда қазір мемлекет тарапынан мұндай бастамаларға қолдау бар екенін жеткізді.
Айта кетейік, бүгін елордада 16-Astana Mining & Metallurgy (AMM 2026) халықаралық тау-кен металлургия конгресі өз жұмысын бастады. Аталған іс-шараға 15 елден 69 компания қатысып жатыр. Олардың қатарында Аустралия, Германия, Италия, Канада, Қытай, Сауд Арабиясы, АҚШ, Финляндия, Франция, Чехия және Швеция секілді мемлекеттер бар.
Бұған дейін Қазақстан тау-кен металлургия саласы бойынша Сауд Арабиясы, АҚШ секілді мемлекеттермен әріптестікті нығайтып жатқаны жөнінде жаздық.
Сондай-ақ жиын барысында ҚР Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов 2026-2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына мемлекет тарапынан шамамен 470 млн доллар инвестиция салынатынын атап өткен еді.