Елімізде 4,6 миллионнан астам геологиялық дерек цифрланған - Үкімет
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада тау-кен металлургия саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі 16-Astana Mining & Metallurgy (AMM 2026) халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр. Жиында сөз алған ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанда 2026-2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 470 млн доллар инвестиция салынатынын айтты.
Үкімет басшысының айтуынша, елімізде жер қойнауын кешенді зерттеуге бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында Қазақстан аумағын толық қамтитын зерттеу жұмыстары қолға алынған. Жалпы қамтылатын аумақ көлемі 2 млн шаршы шақырымнан асады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026-2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына мемлекет тарапынан шамамен 470 млн доллар инвестиция салынады. Біздің мақсатымыз – жер қойнауының зерттелу деңгейін арттыру ғана емес, заманауи технологияларға, цифрлық шешімдерге және халықаралық әріптестікке негізделген жаңа геология саласын қалыптастыру, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің айтуынша, жаңа кен орындарын ашу болашақ өндірістерді іске қосуға, минералдық-шикізат базасын кеңейтуге және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Сонымен қатар Үкімет басшысы саланы цифрландыру жұмыстарына да тоқталды.
-Бүгінде 4,6 миллионнан астам геологиялық дерек цифрландырылған. Бұрын қағаз құжаттарда, фотосуреттерде және ескі тасымалдағыштарда сақталған ақпарат енді электронды форматқа көшірілген, - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Олжас Бектенов алдағы кезеңде жасанды интеллект технологияларын геологиялық барлауға, деректерді талдауға және өндірістік процестерді басқаруға енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ЖИ арқылы кен барлау тиімділігін арттыратынын атап өткен едік.