«Орталық Азия » форматындағы ынтамақтастық
Биыл Орталық Азияның бес мемлекеті мен әлемнің алпауыт елдері түрлі бағыттар бойынша кездесіп, біраз тақырыпты талқылады. Еуропа одағы және АҚШ, Қытай сияқты ірі мемлекеттер Орталық Азиямен диалогқа мүдделі екенін жариялады. Бұл ретте, Қазақстанның өңірлік қауіпсіздікке, Ауғанстан мәселесін реттеуге көңіл бөліп отырғанын ерекше атап өткен жөн.
Осы жылы 19 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде алғашқы «Орталық Азия – Қытай саммиті – өте маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті.
«Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни, 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы (31 млрд доллар) Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Осы ретте, тауар түрлерін көбейту арқылы экспортты ұлғайту маңызды. Мысалы, Қазақстан шикізатқа жатпайтын 135 түрлі тауардың Қытайға экспортын көбейте алады. Қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық сауда орталығы пандемияға байланысты үш жыл тоқтап тұрды. Өткен айда оның жұмысы қайта жанданды. Орталық Азия мемлекеттерін осы сауда-логистика хабының әлеуетін бірге пайдалануға шақырамын. Бұл – әсіресе, Қытаймен ортақ шекарасы жоқ мемлекеттер үшін аса маңызды. Біз қытайлық инвестициялық серіктестермен бірлесіп, шекарада екінші құрғақ порт салуды жоспарлап отырмыз. Осы саладағы тәжірибені ескере отырып, бұл портты жаңа талапқа сай жасаймыз», - деді Президент.
2 маусымда «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммиті аясында Президент Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельмен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Еуропа Одағымен стратегиялық серіктестікке баса мән беретінін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы президенттердің Шолпан-Ата қаласында өткен «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматындағы екінші кездесуіне қатысты. Орталық Азия елдері бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіске қарамастан, аймақтық диалогті күшейтіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Орталық Азия мен ЕуроОдақ арасындағы ынтымақтастықтың перспективасы мол.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша Еуропадан Қазақстанға тартылған инвестиция 23 пайызға артып, 12,5 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдарында біз шетелден 350 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарттық. Оның жартысына жуығы ЕуроОдақ елдеріне тиесілі. Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Біздің сыртқы саудамыздың 40 пайыздан астамы осы ұйымның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстанның ЕуроОдақ елдерімен өзара тауар айналымы 40 миллиард долларды құрады. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 миллиард долларға жеткізу үшін бізде барлық мүмкіндік бар деп санаймын», – деді Президент.
20 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» бірінші саммитіне қатысып, сөз сөйледі. Президент өз сөзінде Орталық Азия мен Шығанақтағы араб мемлекеттері басшыларының бүгінгі кездесуі, ең алдымен, уақыт талабы және көпжақты ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге көтеру жолында өзара түсіністік бар екенін көрсететініне назар аударды. Оның айтуынша, біздің елдеріміз екіжақты форматта берік әрі үйлесімді мемлекетаралық қатынас орнатты. Сенімді әрі белсенді саяси диалог, сауда-экономикалық ынтымақтастық дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тұрақты түрде нығайып келеді.
Биыл 14 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіне қатысты.
«Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық дәйекті түрде кеңейіп келеді. Бизнес арасындағы байланыстар жанданып, бірлескен кәсіпорындар саны арта түсті. Ірі аймақтық жобалар бәрімізге айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, сонымен қатар Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын өзгертеді. Соңғы бес жылда өңірішілік тауар айналымы 80 пайыздан астам өсіп, 10,6 миллиард долларға жетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Орталық Азия сауда, инвестиция, бизнес, ғылым және инновация салалары бойынша жаңа экономикалық мүмкіндіктер кеңістігіне айналады.
20 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты. Жиында С5 1 серіктестігі арқылы экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, шараға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Кездесу барысында стратегиялық серіктестікті, саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды. Саммитте экономикалық ынтымақтастық мәселесіне, сондай-ақ америкалық компаниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса мән берілді. Бұдан бөлек, пікірталас барысында қауіпсіздік проблемаларын, соның ішінде киберқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынтымақтастықты нығайту перспективалары қарастырылды.
Қазақстан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын ашу ісінде АҚШ тарапының қолдауына сенім артатынын жеткізді.
29 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Президентімен кездесуіне қатысты. Мемлекет басшысы жиында «C5 Германия» диалогі туралы бастама елдер арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ мемлекеттері көшбасшыларының бірлескен күш-жігерін жұмылдыруға болатын ықпалдастықтың басым бағыттарын ұсынды. Президент, ең алдымен, сауда-экономикалық қарым-қатынас, жаңа көлік-транзит дәліздерін дамыту, энергетика саласындағы кооперация мәселелеріне назар аударды. Кездесу барысында климаттың өзгеруіне және су тапшылығы проблемасына баса мән берілді. Жиынға қатысушылар мұздықтардың еруіне және Орталық Азиядағы экологиялық ахуалдың өзгеруіне байланысты мәселелерді талқылады. Қазақстан Президентінің пікірінше, Германияның аталған проблемаларды шешудегі тәжірибесі аймақ үшін аса маңызды.
Түркі мемлекеттері сын сағатта жанашырлықтың озық үлгісін көрсетті
Осы жылы 16 наурызда Анкарада Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті. Мемлекет басшысы, ең алдымен, жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркия халқына көңіл айтты.
«Табиғи апат кезінде мемлекеттердің бір-біріне көмек көрсетуі аса маңызды. Бұған осы жолы тағы да көзіміз жетті. Бауырлас ел қиындыққа тап болғанда түркі жұрты ауызбіршілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетті. Қазақстан да түрік бауырларға бірден қол ұшын созды», – деді Президент.
Сонымен қатар, Анкарадағы сапар аясында Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай күрделі кезеңде Қазақстан гуманитарлық шаралардан шет қалмайтынына тоқталып, түркі елдері төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет ете білуі керек екеніне назар аударды.
«Түркі мемлекеттері сын сағатта ауызбіршілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетті. Осы бауырмалдығымыз нығая түссін. Әрдайым бір-бірімізге қамқор болып, ынтымағымыз жараса берсін!» – деді Президент.
Мұнымен қоса, 3 қарашада Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық X саммиті өтті. Президент жоғары деңгейдегі жиынға қатысу үшін түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға арнайы келген мемлекеттер басшыларына айрықша ілтипат білдіре отырып, еліміздің бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды, беделді халықаралық ұйымға айналғанына назар аударды.
«Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан БҰҰ Жарғысын толықтай қолдайды
Биыл 14 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Терроризмге қарсы күрес басқармасының басшысы Владимир Воронковпен және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Терроризмге қарсы күрес комитеті Атқарушы директоратының атқарушы директоры Наталья Германмен кездесті. Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Орталық Азия форумына қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының делегациясына алғыс айтты.
«Сіздер бұл форумға қатысу арқылы аталған жиынға маңызды қолдау көрсетіп отырсыздар. Қазіргі әлемде болып жатқан оқиғаларды ескерсек, конференцияның күн тәртібіндегі мәселелер өте өзекті. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын толықтай қолдайды. Мен бұл жөнінде барлық халықаралық іс-шараларда үнемі айтып жүрмін. БҰҰ-ға мүше басқа мемлекеттердің бәрі Ұйым Жарғысында бекітілген қағидаттарды мүлтіксіз сақтауы керек деп санаймын. БҰҰ – Қазақстан үшін баламасы жоқ әрі әмбебап халықаралық ұйым. Ұйымға мүше елдердің әрқайсысы оның қызметін жетілдіру ісіне барынша үлес қосуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, 18 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитіне қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Каталин Новакпен бірге БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етті. Мемлекет басшысы өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген бір ғана мүмкіндік екенін атап өтті.
«Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
19 қыркүйекте Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті. Тараптар Қазақстанның БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақтастығының басым бағыттарын, сондай-ақ қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін талқылады.
Ал 20 қыркүйекте Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйледі. Ең биік халықаралық мінберде сөз алған Қазақстан Президенті адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдеді.
Көрші елдермен қарым-қатынаста оң нәтиже бар
Биыл наурыз айының басында Мемлекет басшысы Шымкент қаласында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді. Екі ел басшысы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы қарым-қатынастарды дамыту перспективалары туралы сөз болды.
10 сәуірде Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға ресми сапармен келді. Достық және сенім аясында өткен келіссөздер барысында мемлекет басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жай-күйі мен оны нығайту, барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективасын талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Айта кетейік, 4 мамырда Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның кездесуі өтті. Жалпы, сапар аясында жоғары деңгейде екіжақты келіссөздер жүргізіліп, бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.
17 мамырда Президент Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Сапар аясында Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері қарастырылды. Бұдан бөлек, 17 қазанда да екі ел басшысы келіссөз жүргізді.
Осы жылы 9 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысты. Көрші ел басшысы Қазақстанға ресми сапармен келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Өңіраралық ынтымақтастық форумы 20 жыл ішінде екі елдің өзара тиімді стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор үлес қосып, өзінің маңыздылығы мен тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика, инвестиция салаларындағы және өнеркәсіптік кооперациядағы ықпалдастығы жылдан-жылға тұрақты түрде артып келеді. Қазір екіжақты тауар айналымы 27 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Мұнымен қоса, 23 қарашада Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты. Жиында Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов болды.
Сессия барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті аспектілері талқыланды. Сонымен қатар ұйым қызметінің басты бағыттары бойынша биыл атқарылған жұмыстардың қорытындысы жасалып, алдағы кезеңнің жоспары айқындалды. Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.