Қазақстанның сот жүйесінде қанша әйел жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде Қазақстанда 2000-нан астам судья жұмыс істейді. Олардың жартысы әйел. Бұл туралы Орталық Азия елдері үшін қылмыстық әділет саласындағы тоғызыншы сарапшылар форумында сөз сөйлеген ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Гүлнара Мергенова айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі

Гүлнара Мергенованың айтуынша, ҚР Жоғарғы Сотында 53 судья жұмыс істейді, олардың 48%-ын әйелдер құрайды. Олар сот алқасының төрағасы, сот билігінің жоғарғы органы – пленарлық мәжіліс хатшысы болып қызмет атқарады. Сондай-ақ ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Судьялар одағы облыстық филиалының жетекшісі де әйел. Облыстық соттарда 13 әйел алқалардың төрағасы болып қызмет етеді. Ал аудандық соттарды 79 әйел басқарады.

«Осылайша, сот жүйесінде әйелдер мен ерлердің саны тең. Судья лауазымын атқаруға ешқандай шектеу жоқ, – деді Гүлнара Мергенова.

Өз сөзінде ол ҚР «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, судья лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптар бірдей екенін жеткізді. Атап айтқанда, 30 жасқа толу, жоғары заңгерлік білім, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттер және беделіне нұқсан келмеу. Судьяның қызмет мерзімін ұзарту көрсеткіштері де бірдей.

Мемлекет басшысы сот жүйесін реформалауға қатысты заңға қол қойды.