Қазақстанның Су кодексі қай елдің тәжірибесі бойынша жазылып жатыр – министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанның Су кодексі қай елдің тәжірибесі бойынша қайта жазылып жатқанын айтты.
«Біздің министрлік әлемдегі озық тәжірибелерге, атап айтқанда Германияның тәжірибесіне назар аудара отырып, Су кодексін өзектендірді. Парламент Мәжілісіне енгізілген құжаттың жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан және бітелуден қорғауға басымдық берілді. Ресурстың өзі енді тек экономикалық пайда көзі ретінде қарастырылмайды. Сонымен қатар жаңа Су кодексінің нормалары жүйеленген және декларативті, қайталанатын нормалар алынып тасталды. Жаңа Су кодексінің қағидаттары мен міндеттері оларды іске асыру тетіктерімен нығайтылған. Сонымен қатар гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі, ирригация және дренаж, ауыз су және сумен жабдықтау мәселелері жеке тиісті бөлімдерге бөлінген. Жаңа Кодексте суды үнемдеу өте маңызды рөл атқарады. Мысалы, су пайдаланушылар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, суды үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу жөнінде іс-шаралар қабылдауға, сондай-ақ жерасты ауызсуын мақсатсыз пайдалануға жол бермеуге міндетті», - деді министр Назарабев университетінде өтіп жатқан халықаралық форумда.
Сондай-ақ, ол су саласындағы заңсыздықтарға жол бергендердің жауапкершілігі заңнама деңгейінде күшейтілетіні мәлім етті.
«Ауызсудың сапасын жақсартуға қойылатын талаптар пайда болды. Елді мекендерді сумен жабдықтауға және су бұруға арналған тарау едәуір кеңейді. Жеке тарау еліміздің су саласын климаттың өзгеруіне бейімдеуге арналған. Су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауға көп көңіл бөлінеді. Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесіне жеке бөлім арналып отыр. Кәсіпорындардың оларды пайдалану және осының негізінде қауіпсіздік декларациясы ресімделетін көп факторлы тексеру жүргізу жауапкершілігі айқындалды. Жыл сайын Ұлттық ақпараттық есеп жарияланады, онда өткен күнтізбелік жылдағы елдегі судың жай-күйі, қорғалуы және пайдаланылуы туралы мәлімет болады. Жаңа Су кодексінің жекелеген ережелері елдің су саласына инвестиция тартуды ынталандыруды және су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарды мемлекеттік қолдауды көздейді», - деді Нұржан Нұржігітов.