Қазақстан туризмінің медиа-амбассадоры, кинопродюсер Надира Ахонова Гоада өткен 57-ші Үндістан Халықаралық кинофестивалі (IFFI) мен мерейтойлық 20-шы WAVES Film Bazaar кинонарығына қатысты. Сапар Үндістанның Ұлттық киноны дамыту корпорациясының (NFDC) ресми шақыруымен ұйымдастырылды.
IFFI — Үндістандағы ең ірі кинофестиваль және Азия киноиндустриясындағы басты оқиғалардың бірі. Онымен қатар өтетін WAVES Film Bazaar кинонарығында әлемнің түкпір-түкпірінен келген продюсерлер, режиссерлер мен дистрибьюторлар бірлескен жобаларға серіктестер, қаржыландыру көздерін және түсірілімге арналған жаңа локацияларды іздейді.
WAVES Film Bazaar аясында продюсер үндістандық және әлемдік киноиндустрия өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, Қазақстанның туристік әлеуетін таныстырды.
— Үндістандық продюсерлер үнемі тың локациялар іздеумен жүреді, ал бізде бәрі бар: Тянь-Шань таулары, шатқалдар, көлдер, шексіз дала, шөлдер және заманауи мегаполистер. Шетелдік студиялардың басым бөлігі үшін Қазақстан әлі ашылмаған бағыт, қазірдің өзінде көпшілігі біздің елге түсірілімге келуге ниет білдірді, — деді Надира Ахонова.
Продюсер үндістандық кинематографпен 2019 жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді, ал 2026 жылы Global South Film Festival (GSFF) фестивалінің қазылар алқасы құрамына еніп, ресми өкілі атанды. IFFI аясында Үндістанның ұлттық телеарнасына берген сұхбатында ол екі ел арасындағы терең мәдени байланысты атап өтті.
— Үндістан — әлемдегі ең ірі киноиндустрия. Сонымен қатар қазақстандықтардың үнді киносына деген сүйіспеншілігі қашанда ерекше: көпшілігіміз осы фильмдер мен әндерді тыңдап өстік. Бұл бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жылы әрі сенімді негіз қалайды, — дейді Надира Ахонова.
Кинотуризмді дамыту — елді халықаралық аренада ілгерілетудің перспективалы бағыттарының бірі. Шетелдік киножобалар экономика үшін мультипликатор рөлін атқарып, Қазақстанның танымал туристік әлеуетін қалыптастыруға ықпал етеді.
— Әрбір шетелдік киножоба — бұл инвестиция, қазақстандық мамандар үшін жұмыс орындары, сондай-ақ қонақүйлер, көлік және қызмет көрсету саласы үшін табыс көзі. Ең бастысы — жаһандық қамту. Миллиондаған көрермен үлкен экраннан Қазақстанның табиғаты мен сәулетін көргенде, елімізді өз көзімен көруге деген қызығушылығы оянады. Біздің мақсатымыз — Қазақстанды халықаралық түсірілімдерге арналған әлемдегі басты алаңдардың біріне айналдыру, — деп атап өтті медиа-амбассадор.
Айта кетейік, елімізде әлемге әйгілі актер Джеки Чан мен танымал америкалық продюсерлердің қатысуымен бірқатар халықаралық киножоба қолға алынып жатыр.