Қазақстанның тау-кен саласына қандай инвесторлар келіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров KGIR-2025 жаһандық инвестициялар дөңгелек үстелінде еліміздің тау-кен саласына қандай инвесторлар келіп жатқанын айтты.
Оның айтуынша, 2018 жылы «Жер қойнауы туралы» кодекске енгізілген өзгерістер инвесторлар үшін заңнаманы жеңілдетті.
– Былтырдан бері канадалық Teck Resources, Quantum First, B2Gold сияқты жаңа компаниялар Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отыр. Ал жақында гонконгтық Jiaxin Mining компаниясы IPO-ға шығып, 150 миллион доллардан астам қаржы тартты. Оның бәрін Қазақстандағы вольфрам өндірісіне салады. Бұл бірінші кейс, алдағы уақытта мұндай кейстердің саны артады деп сенемін, - деді Р. Бектұров тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қазір америкалық инвесторлармен де келіссөздер жүргізіліп жатыр.
– Қазақстанда жаңа кен орындары жетерлік. Сол жобаларға капитал тарту керек, яғни тәуекел алатын инвесторларды тарту керек. Жаңа Zijin Mining Group компаниясының Гонконгтағы өкілдерімен кездестім. Олар жуырда RG Gold компаниясын сатып алды. Қазір Zijin Mining шамамен 30 миллиард долларға бағаланды. Бұл да еліміздің тау-кен саласына жаңа инвесторлардың келуіне мүмкіндік ашады, - деді АӨХО басшысы.
Айта кетейік, Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 10,1 млрд долларды құрады.
Сондай-ақ Қазақстан аумағынан 8 халықаралық көлік дәлізі өтетінін жазғанбыз.