– Биыл қаңтар-мамырда сыртқы сауда айналымы 56,3 млрд доллар болды. Тауарлар экспорты 30,4 млрд долларға жетті, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты – 11,8 млрд доллар. Тауарлар импорты 26 млрд доллар болды. 4,4 млрд доллардан астам көлемде оң сауда балансы сақталып отыр, – деді ол.
Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі өсімнің негізгі драйверлерінің бірі болып отыр.
– Өндіріс көлемінің өсуі 9,8% болды. Бұл биылғы қаңтар-мамырдағы көрсеткіштен 0,8 пайыздық тармаққа жоғары 17 өңірде өсу тіркелді. Экономикалық өсудің белсенді саясаты жалғасып жатыр, – деді Серік Жұманғарин.
Сонымен бірге, оның сөзінше, басымдық берілетін салаларды қаржыландыру үшін бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне көзделген 1 трлн теңгенің бүгінгі таңда 398 млрд теңгесі бөлінді. Холдинг жалпы сомасы 5,1 трлн теңгеге жобаларды қаржыландырды.
– Қосымша, Ұлттық экономика министрлігі барлық негізгі шикізат сегменттері бойынша 10 кеңейтілген салалық талдау дайындады.
Олардың негізінде металлургия, мұнай-газ химиясы, көмір химиясы және агроөнеркәсіптік кешендегі 231 перспективалық жобаның пулы қалыптастырылды. Әлеуетті стратегиялық серіктестер ретінде қарастырылатын 200 жетекші шетелдік компанияның тізімі жасалды. Осы жылдың наурызынан бері жүргізіліп жатқан жұмыстардың қорытындысы бойынша 40 халықаралық компания қызығушылық танытты. Алдағы айларда әрбір сегменттегі әлеуетті стратегиялық серіктестермен нақты келіссөздер басталады, – деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 7,9%-ға ұлғайғанын жазғанбыз.