Қазақстанның тәжірибесі өзгелерге үлгі бола алады — Ханс Клюге денсаулық саласы жайлы
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 7 сәуірде әлем ана мен жаңа туған сәбидің денсаулығына қатысты ақпараттық науқанды бастап беретін Дүниежүзілік денсаулық күнін атап өтеді. Kazinform агенттігіне эксклюзив сұхбат берген ДДҰ Еуропа өңірлік бюросының директоры науқанның негізгі бағыттары және Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы нақты жетістіктері туралы айтып берді.
— Доктор Клюге, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2025 жылы Дүниежүзілік денсаулық күні «Өмірге дені сау болып келу — жарқын болашақтың кепілі» тақырыбымен өтетіндігін ресми жария етті. Басты назарда ана мен жаңа туған сәбидің денсаулығы болмақ. Биыл дәл осы тақырыпқа неліктен таңдау түсті және науқанның негізгі бағыттары қандай?
— Бұл тақырып, әсіресе табыс деңгейі төмен елдерде және қақтығыс аймақтарында өте көп болып тұрған ана мен сәби өлімін жедел төмендету қажеттігін білдіреді. Науқан елдерге жойылған прогресті қалпына келтіруге, сондай-ақ бүкіл әлемде әйелдер мен балалардың денсаулығын жасарту үшін жаңа зерттеулер мен дәлелдер ұсынуға бағытталған.
Соңғы әлемдік бағалауларға сәйкес, жыл сайын шамамен 300 мың әйел жүктілік немесе босану кезінде көз жұмады. 2 млн астам сәби дүниеге келген алғашқы айында шетінеп кетсе, тағы 2 млн жуық шақалақ жарық дүниеге өлі келеді. Әрбір 7 секундта тіркелетін қайғылы жағдай бүкіл әлем бойынша отбасыларға зор қайғы-қасірет әкеледі.
Сонымен қатар, Еуропадағы денсаулық сақтау жай-күйі туралы соңғы баяндама деректеріне қарағанда, жыл сайын Еуропа өңіріндегі 53 елде шамамен 76 мың сәби туғаннан кейін 5 күн де тіршілік ете алмай шетінейді.
Дәл сондықтан бүгін Дүниежүзілік денсаулық күнінде «Өмірге дені сау болып келу — жарқын болашақтың кепілі» науқанын іске қосып отырмыз. Оның негізгі мақсаты — үкіметтерді, серіктестер мен медицина қоғамдастығын болашақ және жас аналалардың денсаулығын қорғау бойынша жедел шаралар қабылдауға шақыру. Бұл үшін асқынуларды ерте анықтау, жедел акушерлік көмек және салмағы аз әрі шала туған балаларға мамандандырылған күтім көрсету үшін жүктілікпен байланысты қызметтерді күшейту қажет. Жаһандық дағдарыс жағдайында денсаулық сақтауды қаржыландыру науқаны медициналық көмек алуды шұғыл қажет ететіндерге үміт сыйлау үшін саладағы қолдау мен ынтымақтастықты арттыру маңыздылығын білдіреді.
ДДҰ ана мен жаңа туған сәбидің денсаулығына әсер ететін көптеген факторға да назар аудартады. Сөз жүктілік пен туумен байланысты асқынулар жайында ғана емес, сондай-ақ психикалық денсаулық, тойып тамақ ішпеу және артық салмақ, нәрлі тағамдардың тапшылығы жайында болып отыр. Мұнан бөлек, диабет пен обыр сынды созылмалы аурулардың ана денсаулығына әсері де қарастырылады.
— Психикалық саулықты қолдау маңызын еске салған едіңіз. Соңғы уақытта жүкті әйелдер мен жаңа босанған аналар үшін мұндай қолдаудың қажеттілігі барған сайын мойындала бастады. Мұның неліктен соншалық маңызды екенін жан-жақты түсіндіріп берсеңіз?
— Жүкті әйелдер мен жаңа босанған ананың психикалық денсаулығын қолдау бірнеше себепке байланысты аса маңызды. Жүктілік пен босанғаннан кейінгі кезең — айтарлықтай физикалық, эмоционалдық және психологиялық өзгерістер уақыты. Жан-жақты қолдаусыз (физикалық және эмоционалдық денсаулық) әйелдер жоғары күйзеліске, алаңдаушылыққа немесе тіпті депрессияға ұшырауы мүмкін. Ал бұл олардың өз денсаулығына да, балаларының денсаулығына да теріс әсер етеді. Осындай қиын кезеңде психикалық денсаулықты қолдауға мүмкіндік жасау ананың жай-күйін оңалтып, ана мен бала арасындағы байланысты нығайтады және екеуінің де ұзақ мерзімді келешекте денсаулығын жақсарта алады.
Сонымен қатар, жаңа босанған аналардың психикалық саулығын қамтамасыз етуде медициналық қызметтен басқа, отбасы мен төңірегіндегі қоғамның қолдауы да негізгі рөл атқаратынын атап өткен маңызды. Отбасы мүшелері тарапына сүйіспеншілік, түсіністік пен қолдау ананың жүктілік және ерте ана болу кезіндегі қиындықтарды жеңу қабілетіне айтарлықтай ықпал ете алады. Кәсіби қызметтер мен қоғамдастықтың күшті қолдауын біріктіретін мұндай кешенді тәсіл ана да, бала да өсіп-өркендей алатын қамқорлық ортасын жасайды.
— Тұрақты даму мақсаттары ана өлім-жітімі мен сәбилердің шетінеу коэффициентін төмендету міндетін де қамтиды. Бұл көрсеткіштер жаһандық деңгейге қалай бағаланады? Сонымен қатар ДДҰ бүгінде Еуропа өңірінде екінші Еуропалық жұмыс бағдарламасымен жұмыс істеп жатыр. Бұл жоспар ана денсаулығымен байланысты қандай да бір мақсатты қамти ма?
— Әрине. Ана өлімінің коэффициенті белгілі бір уақыт аралығындағы 100 000 тірі туғандарға шаққанда ана өлімінің саны ретінде анықталады. Бұл көрсеткіш жүктілік пен босануға байланысты өлім қаупін көрсетеді. Неонатальды (нәресте) өлім-жітім коэффициенті 1 000 тірі туған нәрестеге шаққанда өмірдің алғашқы 28 күніндегі балалар арасындағы өлім санын өлшейді. Екі көрсеткіш те аналар мен жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету сапасын бағалау үшін аса маңызды.
Жаһандық деңгейде бұл көрсеткіштер ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінен, сауалнамалардан және статистикалық үлгілерден жиналған деректер арқылы бағаланады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, сондай-ақ БҰҰ-ның басқа да агенттіктері Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу прогресін мониторингілеу үшін осы деректерді жинайды және талдайды.
Соңғы деректер Қазақстанның ана мен бала өлім-жітімін төмендетуде айтарлықтай жетістіктерге жеткенін көрсетеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы Қазақстанның барша азаматының денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға, медицина қызметтерін инвестициялауға, білікті акушерлердің қатарын арттыруға, ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі жан-жақты бағдарламаға терең саяси ұстанымын көрсететін осынау жетістіктерімен құттықтаймын.
Әрине, одан әрі жақсарта түсуге әрқашан мүмкіндік бар және аналар мен олардың сәбилерінің денсаулығының мұнан да жақсы нәтижелерін қамтамасыз ету үшін үздіксіз күш-жігер қажет. Өйткені алдын алуға болатын бір өлімнің өзі — тым ауыр шығын.
Ана мен бала денсаулығы — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа аймағы үшін негізгі басымдықтардың бірі және біз қазір аймақтағы 53 мүше-мемлекетпен, оның ішінде Қазақстанмен бірлесіп әзірлеп жатқан келесі бес жылдық стратегиямыздың бөлігі болады. Сондай-ақ салауатты қартаюдың жаңа стратегиясын қабылдаймыз деп үміттенеміз және әрине, ана мен бала денсаулығы оның маңызды бөлігіне кіреді. Мұнан бөлек, біз осы жылдың соңында мүше мемлекеттер қабылдайтын балалар мен жасөспірімдер денсаулығының маңызды өңірлік стратегиясын әзірлеуді көздеп отырмыз.
— Қазақстан медициналық-санитариялық алғашқы көмек саласының көшбасшысы ретінде танылып отыр. Бұл табыстың түбінде қандай негізгі факторлар жатыр?
— Қазақстан Алматы мен Астана декларацияларында белгіленген негіздерге сүйене отырып, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті басты басымдық жасады. Ел денсаулық сақтау саласында цифрлық құралдарды пайдалану және саланың кадрлық ресурстарын нығайтуда командалық жұмыс үлгілерін құрып, көшбасшыға айналды. МСАК командасына мейірбикелерді, әлеуметтік қызметкерлерді және психологтерді қосу арқылы оның құрамын кеңейткен Қазақстан денсаулық сақтауды біршама қолжетімді етті және қымбат емдеу қажеттілігін төмендетті.
Мұндай жетістіктің тамаша үлгісі — Алматы облысының Есік қаласындағы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудегі озық тәжірибелер орталығы. Ауруларды басқару бағдарламасының арқасында гипертония, қант диабеті және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі сияқты аурулар бойынша ауруханаға жатқызу саны айтарлықтай қысқарды — 10 есе. Кеңірек ауқымда Қазақстан 1,6 миллионға жуық адамның қаржылық жүктемесін азайта отырып, негізгі медициналық қызметтерге қолжетімділікті жақсартты.
Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығымен серіктестігі денсаулық сақтау саласын айтарлықтай жақсартуға ықпал етті. Сондықтан халықаралық танымалдыққа ие болды. 2022 жылы МСАК үшін ДДҰ Көрсетілім платформасы іске қосылған сәттен бері ел осы тәжірибені үйренуге ынталы Орталық Азия, Кавказ және Қытай делегацияларын қарсы алды. Басқа елдер Қазақстанды дәстүрлі медицинадан бас тартып, ауылдық елді мекендерге басымдық беретін, әлеуметтік факторларды ескеретін және денсаулық сақтау саласындағы реформаларды ілгерілететін біртұтас, командалық жүйеге көшудің үлгісі ретінде қарастырады.
— Сіздің пайымыңызша, медициналық-санитариялық алғашқы көмек реформасы Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қалай жақсартады?
— Қазақстандағы медициналық-санитариялық алғашқы көмек моделі ана мен бала өлімін азайтуда шешуші рөл атқарды. Ел 2024 жылы ана өлімінің тарихи төмен көрсеткішіне қол жеткізіп, оны — 12, ал нәресте шетінеуін 8,3 пайызға төмендетті. Бұл жетістік отбасылар мен медициналық қызметкерлер арасындағы берік және тұрақты қарым-қатынастардың арқасында мүмкін болды.
Отбасылық дәрігерлер, медбикелер және патронаждық қызметтер алдын алу көмегін үздіксіз көрсете отырып, бірлесе жұмыс істейді. Осынау тәжірибелік тәсіл тек медициналық қажеттіліктерге ғана назар аударудың орнына отбасы денсаулығының психологиялық және әлеуметтік аспектілерін де ескереді.
Медбикелер үйлерге тұрақты түрде барады, аналарға емшек емізу, тамақтану және вакцинация мәселелеріне қатысты кеңес береді, сонымен қатар психикалық денсаулықты және ана мен баланың әл-ауқатына әсер ететін басқа да факторларды бақылайды. Осынау тәжірибелік тәсілдің арқасында ана мен бала өлімін азайтуға септігін тигізетін отбасыларға қажетті медициналық көмек қолжетімді бола түседі.
Әлеуметтік қызметкерлер де осал отбасыларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді қамтамасыз ете отырып, МСАК командасының бір бөлігіне айналып үлгерді. Отбасының тек медициналық қажеттіліктерін ғана емес, жалпы әл-ауқатын шешу арқылы Қазақстан медициналық емдеуді эмоционалдық қолдаумен біріктіретін, балалардың салауатты дамуына қолдау көрсететін тиімдірек денсаулық сақтау жүйесін құрды.
— ДДҰ таяуда Қазақстан жаңа Елдік ынтымақтастық стратегиясына қол қоюға ниетті. Оның мән-маңызы қандай болмақ?
— Әрбір ел бірегей және әрбір денсаулық сақтау жүйесі әртүрлі мүмкіндіктер мен қиындықтарға тап болады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен бірге ДДҰ мен Қазақстан арасындағы 2026-2030 жылдарға арналған Елдік ынтымақтастық стратегиясына қол қою үшін келіп отырмын. Бұл стратегия ДДҰ мен Қазақстан арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін басты мәнге ие. Себебі ол ДДҰ-ның денсаулық сақтау саласындағы жаһандық мақсаттарын Қазақстанның нақты қажеттіліктерімен және басымдықтарымен келісуге көмектеседі, біздің бейімделген қолдау көрсетуімізді және шектеулі ресурстарды тиімді пайдалануымызды кепілдендіреді.
Стратегия Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы жетістігін бүкіл Еуропа аймағына таратуға мүмкіндік беріп, елдің инновацияларын әлемге ілгерілетеді, цифрлық денсаулық сақтау, медициналық-санитариялық алғашқы көмек және медицина қызметкерлеріне инвестиция сияқты салалардағы жетістіктерін көрсетеді. Стратегия Қазақстанды денсаулық сақтау саласындағы тұрақты және тиімді шешімдер көшбасшысы ретінде танытуға көмектеседі. Түптеп келгенде, Қазақстанның тәжірибесі осындай сын-тегеуірінге тап болған басқа елдерге үлгі бола алады.