Қазақстанның «ТМД +» форматын құру бастамасы Достастықтың беделін арттырады

Фото: Фото: Ақорда

МИНСК. KAZINFORM — ТМД штаб-пәтерінде сарапшылардың қатысуымен «ТМД +» форматын құру мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Отырысқа ұйымға мүше мемлекеттер мен ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.

Басқосуда алғаш болып сөз алған ТМД Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейтімов талқыланып отырған бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қазанда өткен саммитте ұсынғанын атап өтті.

— ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Достастықтың әлемдік аренадағы имиджін одан әрі ілгерілетуге мүдделі. Бұл ретте Біріккен Ұлттар Ұйымы және өзге де аймақтық бірлестіктермен байланысты нығайту маңызды. Сондықтан Тәжікстанның Достастыққа төрағалық ету кезеңінде осы жұмыстарға басымдық беріледі, — деді Нұрлан Сейтімов.

Оның айтуынша, ұйымның қызметін өзге интеграциялық форматтармен ұштастыру ТМД-ның беделін арттыруға сөзсіз ықпал етеді.

Қатысушылар атап өткендей, сарапшылар Қазақстан бастамасын талқылауды жалғастырады. Бұл ұсынысты зерделеу үшін келесі отырыс 18 наурызда өтеді.

Еске сала кетейік, биыл 28 сәуірде Өзбекстан астанасында ТМД Экономикалық кеңесінің отырысы өтеді.