Қазақстанның цифрлық даму тәжірибесі ЕҚҚДБ стратегиясымен үндеседі — Одиль Рено-Бассо

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо Қазақстан цифрлық трансформацияда елеулі нәтижеге қол жеткізгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, цифрлық инвестициялар елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртудың негізгі тетігіне айналып отыр.

Фото: Ақорда

ЕҚҚДБ басшысы цифрлық инвестициялар бәсекеге қабілетті арттырудың негізгі тетіктерінің біріне айналып, азаматтарға мемлекеттік қызметтер ұсыну тәсілін түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтті. Қазақстан үшін бұл бағыттың әлеуеті өте жоғары және ең бастысы, осы бағыттағы жұмысты алғашқылардың бірі болып бастады.

— Бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде әлем бойынша 24-орында тұр және бұл көрсеткіш бойынша көшбасшы елдердің қатарына кіреді. Бұл жетістіктің негізінде ұлттық суперкомпьютердің іске қосылуы, деректерді өңдеу орталықтарының дамуы және Astana Hub базасында Халықаралық ЖИ орталығының құрылуы жатыр. Жалпы алғанда, Digital Kazakhstan бағдарламасы, Astana Hub-қа салынған инвестициялар, халықаралық ІТ-компанияларға берілген салықтық жеңілдіктер және электрондық үкіметті жүйелі түрде дамыту инновациялардың берік іргетасын қалады, — деді Одиль Рено-Бассо ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-отырысында, «Жасанды интеллект және цифрлық егемендік: Қазақстандағы ұлттық технологиялық экожүйелерді дамыту» сессиясында.

Оның айтуынша, Қазақстанның ұлттық технологиялық экожүйені дамытуға бағытталған ұмтылысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің стратегиялық басымдықтарымен толық үндеседі. 

— Цифрлық технологиялар мен киберқауіпсіздік — банктің алдағы бес жылға арналған стратегиясының негізгі бағыттарының бірі. Біз оларды экономиканы жедел жаңғыртудың және елдің бәсекеге қабілетін арттырудың маңызды құралы деп санаймыз. Банктің өз ішінде де ЖИ технологияларын белсенді енгізіп келеміз. Бұл банк өнімдері мен ішкі процестерді жетілдіреді, сын-қатерді басқару жүйесін күшейтеді және клиенттерге көрсетілетін қызмет сапасын арттырады. Жинақтаған тәжірибеміздің арқасында Қазақстанға, әсіресе цифрландыруды жауапкершілікпен әрі қауіпсіз жүргізу, ЖИ құқықтық реттеу және елдің жаһандық қосылған құн тізбектеріне кірігуі бағыттарында тиімді қолдау көрсете аламыз, — деді Одиль Рено-Бассо.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына жаңа экономикалық модельге көшу міндетін қойды. Биыл елімізде 200-ден астам жаңа өндіріс орындары ашылмақ. Бұл ұлттық экономиканың одан әрі дамуына, жаңа жұмыс орындарын құруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайтуға елеулі серпін береді.

ЕҚДБ Қазақстан экономикасына 1,3 млрд еуродан астам инвестиция салуы мүмкін.