Қазақстанның цифрлық тәжірибесі Грузияның қызығушылығын тудырды

АСТАНА. KAZINFORM – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Грузияның Әділет үйі мемлекеттік қызметтерді дамытуға және халықпен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тараптардың практикалық тәжірибе алмасу және азаматтардың қазіргі сұраныстарына сай тиімді шешімдер әзірлеу үшін күш-жігер біріктіруге ниетті екенін айғақтайды.

Фото: Jibek Joly

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары қатарында халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын ұйымдастырудағы үздік тәжірибелермен алмасу, жасанды интеллект, роботтандыру және процестерді автоматтандыру технологияларын пайдаланып, цифрлық қызметтерді дамыту бар. Сондай-ақ заманауи қызмет көрсету стандарттарын енгізу арқылы клиенттік тәжірибені жетілдіруге ерекше назар аударылады.

Фото: Jibek Joly

Меморандум кадрлық әлеуетті дамыту мәселесін де қамтиды. Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, сондай-ақ тағылымдамалар мен оқыту іс-шараларын ұйымдастыруға ниетті. Бұдан бөлек, өзара қызығушылық тудыратын бірлескен зерттеу және талдау жобаларын қолдауға ерекше көңіл бөлінеді.

Айта кетейік, екі күндік сапарда қазақстандық делегация Грузияның Әділет үйінде болып, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен, қолданыстағы цифрлық шешімдермен және клиенттер ағынын басқару жүйесімен танысты. Сондай-ақ Грузия Ішкі істер министрлігінің Сервистік агенттігінде және Грузияның Әділет оқу орталығында кездесулер өтіп, ынтымақтастық келешегі талқыланды.

Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрлық трансформациялау бағытында елеулі тәжірибе жинақтап, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген елдердің қатарында. Электронды және проактивті қызметтердің енгізілуі мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді моделін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Осыған байланысты Қазақстанның тәжірибесі мен басқарушылық шешімдері шетелдік әріптестердің де кәсіби қызығушылығын тудырып отыр.

Фото: Jibek Joly

– Грузиялық әріптестермен меморандумға қол қою – мемлекеттік қызметтерді дамыту жолындағы маңызды қадам. Біз үшін мұндай жұмыс сапарлары мен серіктестік ерекше маңызды. Олар басқа елдердің озық тәжірибесін зерделеуге, Қазақстандағы мемлекеттік қызметтерді жетілдіруге және жаңа шешімдер енгізуге мүмкіндік береді, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Бұған дейін Қазақстан мен Грузия ІІМ киберқылмысқа қарсы күресті күшейтуге келіскен еді.

Екі ел арасында агроөнеркәсіптегі өзара сауда 116 млн долларға жеткен.