Қазақстанның үш университеті алғаш рет QS 2026 рейтингі тізіміне енді
АСТАНА. KAZINFORM — QS World University Rankings 2026 нәтижелері жарияланды. Биылғы рейтингке Қазақстанның 20 жоғары оқу орны енді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.
– Бұл – еліміздің жоғары білім беру сапасының артып келе жатқандығының айқын көрінісі. Рейтингке енген үш жаңа университет – Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Шәкәрім университеті. Бұл оқу орындары алғаш рет әлемдік рейтингке кіріп отыр, – деп жазды ведомстводан.
Сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алғаш рет жұмыс берушілер арасындағы бедел индикаторы бойынша әлемнің үздік 100 университетінің қатарына кірді. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және басқа да 5 университет оқытушылар мен студенттердің арақатынасы бойынша 100 үздік қатарынан орын алды. Бұл көрсеткіш оқу процесінің сапасы мен жеке қатынасқа негізделген білім берудің маңызын білдіреді.
Министрліктің дерегінше, жаңа рейтингте Abai University 628-орынды иеленіп, өткен жылмен салыстырғанда бірден 43 позицияға жоғары көтерілген (671–680 аралығы). Осылайша, университет әлемнің үздік 650 жоғары оқу орнының қатарына кіріп, Қазақстанның алдыңғы қатарлы үздік 5 университетінің бірі ретінде өз орнын нығайтты.
– Халықаралық сарапшылар QS атынан университеттердің ғылыми-зерттеу қызметіне қатысуы, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуі және түлектердің ұзақмерзімді перспективалары секілді басым бағыттарға назар аударады. QS аға вице-президенті Бен Саутердің айтуынша, Қазақстан университеттері бірнеше көрсеткіш бойынша оң динамика көрсетіп отыр және олар әлемдік деңгейге ұмтылу жолында жақсы қадамдар жасап келеді, – делінген хабарламада.
QS аймақтық директоры Сергей Христолюбовтың пікірінше, соңғы жылдары рейтингке енген университеттер арасында айырмашылық байқалады. Бірқатар алдыңғы қатарлы университеттер жүйелі даму жолына түскен, ал кейбір оқу орындары жаһандық бәсекелестік жағдайында өз позицияларын сақтап қалуда қиындықтарға тап болды. Осы тұрғыда оқытушылар құрамының сапасы, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуы және халықаралық ынтымақтастық елеулі рөл атқарады.
Айта кету керек, Азия елдерінің арасында Қазақстан QS рейтингіндегі университеттер саны бойынша 10-орынды иеленіп отыр. Бұл тізімде Қытай (72), Үндістан (54) және Жапония (47) көш бастап тұр.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан жоғары білім беру саласында Азиядағы ірі хабтардың біріне айналып келеді. Шетелдік студенттер не себепті біздің елді таңдайды? Ғылым және жоғары білім министрлігі шетелдік студенттерді елімізге тартып тұратын бірнеше негізгі факторды атап көрсеткен еді.