Қазақстанның үздік 20 туристік аймағын дамыту картасы жасалады

Үкімет отырысында тиісті сала басшыларына ТОП-20 туристік аумақты дамытудың жол картасын бекіту туралы тапсырма берілді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

«Туризм және спорт министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп ТОП-20 туристік аумақтарды дамыту жөніндегі жол карталарын бекітуі қажет.

Жергілікті тарихи ескерткіштер, көркем табиғи пейзаждар мен халқымыздың басқа да игіліктері түгелдей туристік өнімдерге дұрыс интеграциялануы қажет.

Мәдениет, Ауыл шаруашылығы және Экология министрліктерімен бірлесіп, мәдени, агро және экотуризмді дамыту бойынша нақты тәсілдерді әзірлеу керек», - деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ, Әлихан Смайылов өңір әкімдеріне туристік объектілерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, туристердің қауіпсіздігін арттыруды тапсырды.

«Туризм және спорт министрлігі Мәдениет, Сыртқы істер министрліктерімен бірлесіп, шетелдерде Қазақстанның туристік әлеуеті туралы белсенді ақпараттық науқан жүргізуді қамтамасыз етуі қажет.

Туризм және спорт министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, туризм саласын цифрландыру және қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуге тиіс.

Бұл ретте, шетелдік туристің ел аумағына келгеннен бастап, кетуіне дейінгі барлық кезеңін цифрландырудың және оңайлатудың толық циклін, сондай-ақ ішкі туризмге арналған қызметтердің барлық спектрін қамту маңызды», - деді Үкімет басшысы