Қазақстанның жаһандық жасанды интеллект бәсекесіндегі орны қандай— халықаралық сарапшы пікірі
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада өткен халықаралық Digital Bridge технологиялық форумының басты тақырыбы — жасанды интеллектінің дамуы болды. Форумның арнайы қонағы, технология, бизнес және саясат саласындағы жаһандық талдаумен айналысатын Cambrian Futures компаниясының бас директоры Олаф Дж. Грот Қазақстанның жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесіне мүше ретінде еліміздің әлеуетіне жоғары баға берді. Сарапшы Jibek Joly телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында еліміздің бұл саладағы бағыты мен мүмкіндіктері жайлы ой бөлісті.
Қазақстан жуырда жасанды интеллектіге қатысты жаңа ұлттық стратегия қабылдады. Бұл бағыттағы қадамдарын қалай бағалар едіңіз?
— Қазақстан бұл салада өте жақсы деңгейде. Себебі, кез келген табысты жасанды интеллект стратегиясының негізі — қоғам бұл үдерісте белсенді әрі саналы түрде қатысуы. Халық жасанды интеллектінің не екенін, оны қалай және қайда қолдануға болатынын түсінуі тиіс. Ең қауіптісі — білмегеннен туындайтын үрей мен сенімсіздік. Ал Қазақстанда бұл бағытта жақсы бастамалар бар. Alem-AI және AI-Sana сынды жобалар елдің басты тіректері. Бұл — қуанышты жайт.
Келесі маңызды кезең — ғылым мен кәсіпкерліктің дамуы. Иә, Қазақстан шағын мемлекет, бірақ STEM саласында мықты іргетас қаланған. Бұл негіз кеңестік кезеңнен бастау алғанымен, әлі де үздіксіз дамып келеді. Ғылым жағынан жағдай жақсы, кәсіпкерлік те қарқын алып келеді. Дегенмен бұл саланы кең көлемде дамыту қажет. Қозғалыс бар, енді оның жемісін уақыт көрсетер. Мен Қазақстан бұл бағытта табысқа жететініне сенімдімін.
Бүгін сіз Alem-AI халықаралық орталығында болдыңыз. Қандай әсер алдыңыз?
— Ең алдымен, мені таңғалдырғаны — орталықтың төменгі қабаты қоғамды оқытуға арналған. Астанаға келген кез келген адам келіп, жасанды интеллект негіздерін тегін үйрене алады. Мұнда мектеп оқушыларынан бастап, колледж және университет студенттеріне арналған түрлі бағдарламалар бар.
Одан жоғары қабат кәсіпкерлікке арналған, тағы бір қабат ғылымға, ең үстіңгі қабат электронды үкіметке бағытталған. Бұл — кез келген табысты ЖИ стратегиясының негізгі құрамдас бөліктері. Мемлекет когнитивті экономикаға нақты инвестиция салып жатыр. Енді осы бастамалардың барлығы жаңа қабылданатын жасанды интеллект заңымен бекітілуі тиіс.
— Қазір көптеген ел жасанды интеллектіні өз салаларына енгізіп жатыр. Солардың сәтті үлгілерін атап өтсеңіз.
— Бұл жерде шешуші рөлді мемлекет атқарады. Мысалы, Эстония, Дания, Сингапур сияқты елдер — осы салада табысқа жеткен мемлекеттер. Олардың ортақ ерекшелігі — шағын ел болуы. Шағын елдерде цифрландыру мен технологияны енгізу жеңілірек. Ал үлкен мемлекеттерде бұл процесс күрделірек, бірақ мүмкіндіктері де мол.
Жасанды интеллект стратегиясы бойынша көшбасшы елдер АҚШ пен Қытай. Олардың басты артықшылығы үлкен көлемдегі мәліметтер қоры. Себебі дерек — жасанды интеллект үшін басты ресурс. Онсыз сапалы модель құру мүмкін емес. Мысалы, Үндістанда халық толық цифрландырылып жатыр. Олар ЖИ бойынша көшбасшы болмаса да, цифрлық мәліметтермен жұмыс істеу тәжірибесі жағынан үлгі бола алады.
— Сіз айтқандай, дерек — негізгі ресурс.
— Дәл солай. Бұл — болашақ экономиканың «жанармайы».
— Қазақстан жасанды интеллект саласындағы халықаралық әріптестігін қалай нығайта алады?
— Біз деректердің мәдениетін, құрылымын, ұйымдастырылуын және осы саладағы нарықты жақсы түсінуіміз қажет. Бұл тұрғыда екі бағытта серіктестік маңызды. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктері деректерді тиімді басқаруды үйренсе, АҚШ — ауқымды деректерді цифрландыру тәсілдерін жақсы меңгерген. Осы екі бағыттың тепе-теңдігін сақтау табыстың кілті.
Тағы бір өзекті мәселе — есептеу қуаты. Қазіргі геосаяси жағдайда чип пен графикалық процессорлар (GPU) тапшы әрі өте қымбат. Сондықтан есептеу ресурстарын бірігіп пайдалану тетіктерін дамыту қажет. Әр елдің мыңдаған GPU-ға мұқтаждығы жоқ, бірақ ортақ ресурсты пайдалану — тиімді шешім.
— Сарапшылар жасанды интеллект болашақта әлемдік геоэкономиканы өзгертеді дейді. Қазақстан бұл үдерістен шет қалмауы үшін не істеуі керек?
— Ең бастысы — әлемдік жүйенің бел ортасында болу. Өңірлік хабқа айналу. Қазақстанда есептеу қуаты дамып келеді, ал ең маңыздысы — елге алдыңғы қатарлы еуропалық, америкалық және азиялық университеттерді тарту жұмысы басталды. Осы арқылы Қазақстан Орталық және Оңтүстік Азия, Парсы шығанағы елдері үшін жасанды интеллект, ғылым және технология саласындағы білім орталығына айнала алады.
Бұл — Сингапур жолына ұқсас. Геосаяси ірі державалардың ортасында орналасса да, Сингапур логистика мен цифрлық инфрақұрылымда көш бастады. Қазақстан да жасанды интеллект арқылы осындай серпіліс жасай алады.
— Сіз болашақ көшбасшылармен жұмыс істейсіз. Бүгінгі жастар мен кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
— Ең маңыздысы — қызығушылық пен тәжірибе. Жасанды интеллект құралдарын көбірек қолданып көріңіздер, жобалар жасаудан тартынбаңыздар. Оқытушылар мен тәлімгерлер студенттерді тәжірибе арқылы оқытуы қажет. Сонда ғана сіздер ЖИ мүмкіндігін шынайы түсіне аласыздар.
Эксперимент жасай білу — бүгінгі замандағы ең маңызды дағдылардың бірі. Қызығушылықтарыңызды жоғалтпаңыздар, үнемі сұрақ қойып үйреніңіздер: «Бұл құрал қандай мүмкіндіктер береді?», «Оны мен қай салада тиімді пайдалана аламын?» деген сұрақтар — жаңа идеяларға жол ашады. Жаңа нәрсені зерттеп, оны алғаш болып ашудан артық шабыт жоқ. Сол себепті белсенді болыңыздар, ізденіңіздер, дағдыларыңызды дамытыңыздар. Сіздер жассыздар. Демек, алда барлық мүмкіндік бар. Алға қарай нық қадам басыңыздар.
Бұған дейін Стэнфорд университетінің профессоры, Дүниежүзілік банктің Халықаралық сараптамалық кеңесінің төрағасы Пол Киммен жасанды интеллекттің болашағы жөнінде сұхбат жазған едік. Онда ол жасанды интеллекттің күнделікті өмірімізге қалай әсер ететіні, оның пайдасы мен мүмкін болатын қатерлері туралы өз көзқарасын бөлісті. Бұл сұхбат Digital Bridge 2025 форумы аясында «Jibek Joly» арнасының мобильді студиясында жазылып алынған болатын.