Қазақстанның жаңа Конституциясы ауқымды жүйелі өзгерістерге жол ашты — сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуі реформаны саяси мәлімдемелер кезеңінен нақты мемлекеттік басқару кезеңіне шығарды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісіне Таиландтағы Чулалонгкорн университетінің Азияны зерттеу институтының ғылыми қызметкері Арифин Яма айтты.

Фото: Арфин Яманингтың жеке архивінен

Сарапшының айтуынша, 1 шілдеде жаңартылған Ата заңның күшіне енуі реформаның аяқталғанын емес, ауқымды жүйелі өзгерістердің басталғанын білдіреді. Оның сөзінше, алдағы кезең ауқымды заңнамалық және әкімшілік жұмысты талап етеді.

– Конституциялық нормаларды толық іске асыру үшін қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкестендіріп, жаңа өкілді институттардың толыққанды жұмысын қамтамасыз ету және қоғамның реформаларға белсенді қатысуын сақтау қажет, – деді Арифин Яма.

Оның айтуынша, өтпелі кезеңдегі басты міндет Конституция мәтінін өзгерту емес, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты сапалы жаңа деңгейге көтеру. Реформаның табысты болуы оны іске асырудың ашықтығына, мемлекеттік институттардың есептілігіне және олардың азаматтар мүддесіне тиімді қызмет ету қабілетіне байланысты.

– Жаңа конституциялық модельдің табысты жүзеге асуы Қазақстанға үш бағытта жаңа мүмкіндік береді. Біріншіден, мемлекеттік саясаттың жүйелілігі мен ашықтығы қоғамның сенімін арттырады. Екіншіден, министрліктер мен консультативтік органдар жұмысының ашықтығын күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге ықпал етеді. Үшіншіден, Қазақстанның болжамды әрі сенімді серіктес ретіндегі халықаралық беделін нығайтады, – деді сарапшы.

Арифин Яма Қазақстанның Еуразияның ортасында орналасуы мен мемлекеттік институттарды жаңғыртуы шетелдік серіктестер, соның ішінде Оңтүстік-Шығыс Азия елдері үшін де маңызды екенін атап өтті.

– Институционалдық ортаның анағұрлым болжамды болуы Қазақстанды сауда, білім беру, туризм, халал индустриясы, логистика, ғылыми зерттеулер және гуманитарлық байланыстар салаларында сенімді серіктеске айналдырады. Таиланд пен АСЕАН елдері үшін бұл Қазақстанмен ынтымақтастық тек экономикалық бағытпен шектелмеуі тиіс дегенді білдіреді, – деп қорытындылады ол.

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді.